Құрылыс мамандықтары бойынша жыл сайын 3 мыңнан астам түлек даярланады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда құрылыс саласына қажетті мамандар даярлауды күшейтіп, сұранысқа ие кәсіптер бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялаған еді. Осыған байланысты еңбек нарығы мен инвестициялық жобалардың қажеттіліктеріне сай кадрлар даярлау маңызды міндеттердің бірі саналады.
Жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар 480 колледжде даярланады. Бұл оқу орындарында 131 мыңнан астам студент білім алып жүр. Жыл сайын 51 мыңнан астам маман даярланады.
— Құрылыс мамандықтары бойынша шамамен 13 мың студент оқиды. Соңғы бес жылда жыл сайын орта есеппен 3 мыңнан аса түлек даярланады, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен бірге сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырысты ұлғайтып, колледждердің жұмыс берушілермен өзара іс-қимылы күшейтілмек.
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауқымды құрылыс жобаларын мұқият іріктеп, қатаң бақылау қажеттігін айтқан еді.