Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» елордада «Тракторға» есе жіберді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі команда арасындағы кездесу тартысты өрбіді. Есепті алғаш болып 14-минутта елордалық командадан Мэтт Фрэттин ашқан еді. Дегенмен бірінші кезеңнің соңына таман 19-минутта ресейлік клубтан Альберт Яруллин мен Виталий Кравцов екі шайба соғып кетті.
Екінші кезеңде қазақстандық клуб басымдығын арттыра түсті. Нәтижесінде 27, 30-минуттарда қазақстандық Никита Михайлис мергендік танытты. Аталған кезеңнің соңғы минуттарында ресейлік клубтан қатарынан екі хоккейші айдыннан қуылды. Ойыншылар саны басымдығын «Барыс» хоккейшілері пайдалана алған жоқ.
Үшінші кезеңде ресейлік клуб таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Есесіне Никита Михайлис 47-минутта кездесу барысында хет-триктің авторы атанып, «Барыстың» басымдығын арттыра түсті. Ал «Трактор» сапынан Сергей Калинин 53, Сергей Телегин 55-минутта гол соғып, таразы басы теңесті. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймда «Трактордың» жолы болды. Осылайша «Барыс» қарсыласына 4:5 есебімен есе жіберді.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 16 қарашада Ресейде «Сочи» командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб Финляндияның «Йокерит» командасына есе жіберді.