Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» қатарынан үшінші мәрте жеңілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Витязь» (Подольск) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Алғашқы екі кездесуінде қарсыластарына есе жіберген «Барыс» үшін жеңіс ауадай қажет болатын. Сондықтан алғашқы екі кезең өте тартысты өрбіді.

Ойынның 19-минутында «Витязь» хоккейшісі Скотт Уилсон есеп ашты. Бұдан кейін қазақстандық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Ал 43-минутта ресейлік командадан Степан Старков есепті ұлғайта түссе, одан кейін Владислав Кара 47, Жереми Руа 48, Кириил Рассказов 52-минуттарда «Витязь» командасының басымдығын арттырды.

Осылайша «Барыс» қарсыласына 0:5 есебімен жол берді.

Екі команда бұған дейін 30 мәрте кездесті. Оның 22-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.

Айта кетсек, енді елордалық клуб 9 қыркүйекте Ресейде «Сочимен» шеберлік байқасады.

Ал елордада 13 қыркүйекте «Трактор» (Челябинск) командасын қабылдайды.

Еске салсақ, «Барыс» мұның алдында алғашқы кездесуінде буллиттен минскілік «Динамоға» есе жіберді.

Екінші кездесуінде Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасына жол берді.


Соңғы жаңалықтар