Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» Магнитогорскінің «Металлургіне» жол берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын сырт айдында Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ойын барысында қазақстандық команда алғашқы минуттарда басымдық көрсетті.
Нәтижесінде 5-минутта Кёртис Валк есеп ашса, Мэтт Фрэттин 23-минутта есепті үстемелей түсті.
Бұдан кейін ресейлік командадан Никита Коростелёв 24-минутта есеп айырмасын қысқартса, 27-минутта «Барыс» хоккейшісі Коди Куник тағы да басымдықты арттырды.
Келесі кезекте «Металлург» сапынан Андрей Чибисов 39, Артём Земчёнок 42-минуттарда қос шайба соғып, таразы басын теңестірді.
Ал 51-минутта Брендан Лайпсик «Металлург» командасын алға шығарды.
Кездесуде «Барыс» қарсыласына 3:4 есебімен есе жіберді.
Еске салсақ, бұдан бұрын екі команда бүгінге дейін 53 мәрте шеберлік байқасты. Оның 18-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.
Енді «Барыс» 1 қазанда Ресейде «Динамо» (Мәскеу) командасымен кездеседі.