Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыстың» бүгінгі ойынын қайдан көруге болады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін, 5 қыркүйекте құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл ойын елорда уақытымен 17.00-дt басталады. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі команда бүгінге дейін 52 мәрте шеберлік байқасты. Оның 18-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.
Айта кетерлігі, елордалық клуб аталған командамен өткізген соңғы екі кездесуде есе жіберіп қойды.
Еске салсақ, алғашқы ойынында 3 қыркүйекте «Барыс» елордада Ресейдің «Салават Юлаев» клубына 1:5 есебімен есе жіберді.
Ал «Металлург» Екатеринбургте жергілікті «Автомобилист» клубынан 6:2 есебімен басым түсті.
Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты кезеңі 1 қыркүйекте басталды. Ол 2022 жылдың 1 наурызында мәресіне жетеді. Одан кейін турнирдің плей-офф сатысы басталады.