Күріш сортын жаңартып тұрмаса, азып-тозады – ғалым

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордалық ғалымдар су тапшылығы мәселесінің күрделенгенін ескеріп, суды аз қажет ететін және ерте пісетін күріш сортын шығарды. «Сыр сұлуы» деп аталатын жергілікті сорт 105-110 күнде пісіп-жетіледі. Жергілікті климат пен топыраққа толық бейімделген. 

Күріш сортын жаңартып тұрмаса, азып-тозады – ғалым
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты тұқым шаруашылығы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Құрманбек Бәкірұлы күріш сортын жаңартудағы бірнеше себепті атады.

– Бұрын Сыр салысына тән ауру көрсеткіші өте төмен еді. Кейін сырттан күріштің өзге де сорттары әкелініп, түрлі штамптар пайда болды. Оның кесірі барлық күрішке, тіпті ауруға шалдықпайды деп жүрген ресейлік сорттарға да тиді. «Лидер», «Янтарь» сияқты сорттардан тұтынушылардың көбі бас тартып жатыр. Сорт ауыстырудағы бір қажеттілік – осы. Кеңес өкіметі кезінде негізінен өнімнің көрсеткішіне ғана мән беріліп, ауру және тағы басқа жәйттерді назарға алған жоқ. Шаруашылықтар өзі өндіріп, өзі саудаға шығаратын болғандықтан имиджін сақтау үшін тек бертін келе сапаны бірінші орынға қоятын болды. Шет елдерде бір сортты 7-8 жыл ғана егеді. Кезекте оны алмастыратын басқа сорттар дайын тұрады. Әйтпесе, сорт азып-тозып, жарамсыз күйге түседі, - деді ол. 

Ғалымдардың айтуынша, тұқым шарушылығында сортты ауыстыру және жаңарту сияқты екі үлкен міндет бар. Оның алғашқысында сынақ нәтижесіне сәйкес ескісін салыстырмалы түрде сапасы тәуір және молырақ өнім беретін жаңасымен ауыстыруды қамтиды. Ал екіншісінде сорттық және биологиялық сапасы нашарлаған тұқым түрлері жақсысымен ауыстырылады.

– Ресей сорттарынан мол өнім алуға болады. Бірақ ауруға ұшыраса, қырылып қалады. Ал жергілікті сорттарды шығарғанда ауруға төзімділігі, құрғақшылыққа, жердің тұздылығына бейім болуы ескеріледі. «Сыр сұлуы» секілді ерте пісетін сорттар ауырып үлгермейді, тағы бір артықшылығы – осы, - деді ғалым. 

Оның айтуынша, сортты жаңадан шығаруға кемінде 12-15 жыл керек. Селекция үздіксіз жүргізілгенде ғана нәтиже береді. Өкінішке қарай өңірімізде кадр және қаржы тапшылығына байланысты кейбір жылдары бұл жұмыс үзіліп қалған. Институт өкілдері қазіргі күні мәселе шешімін тапқанын, сондықтан сорт шығару ісінде іркіліс болмайтынын айтып отыр. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облысында күріш орнына суды аз қажет ететін көкөніс көлемі артты. 

Соңғы жаңалықтар