13:15, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Құрылыс секторындағы дағдарыстың өзіндік артықшылықтары да бар ? И.Тасмағамбетов
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ -Өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен Астанада 1 миллион 212 мың шаршы метр тұрғын аумақ салынып, пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін халық алдында есеп берген Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. И.Тасмағамбетовтың атап көрсеткеніндей, бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға артық. «Үлестік құрылыс» термині соңғы уақыттарда ғана келеңсіз тұрғыда айтыла бастады. Үлестік құрылыстың арқасында 2005-2007 жылдары 32 мыңнан астам астаналық баспаналы болды. Ең ірі екі қала Астана және Алматыны алатын болсақ, 2008 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша Астанада 37 мыңнан астам үлескердің қатысуындағы 227 нысанның құрылысы жүргізілсе, Алматыда сол уақытта 15 мың үлескердің қатысуындағы бар-жоғы 108 нысан болды. Үлестік тұрғын үй құрылысындағы проблемалар азаматтарымыздың өмірлік мүдделеріне қатысты болғандықтан, мемлекет халық тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, 2008 жылы бюджеттен 107 миллиард теңге бөлді», - деді ол. Бөлінген қаржының 48,8 миллиарды 5 мың үлескердің (34 нысан) мәселесін 17 құрылыс компаниясын екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіру арқылы шешу үшін «Самұрық-Қазына» Әл-ауқат қорына, 41 миллиарды 6 мың үлескері бар 47 нысаннан пәтерлер сатып алуға, 17,2 миллиард теңгесі 5574 үлескердің қатысуындағы 21 проблемалы нысанның құрылысын аяқтау үшін «Жаңа құрылыс» ЖШС-ға үлестірілді. «Өз үлескерлерін алдаған компаниялардың алақол басшылары сотты болды, я болмаса олардың істері соттарда қаралу үстінде», - деді әкім. Қолданылған кешенді іс-шаралардың нәтижесінде үлесті құрылыс нысандардың саны 99-ға қысқарып, 15401 үлескердің баспана мәселесі шешілді. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылы қалған проблемалы нысандарда жалғастырылып, 2009 жылдың соңына дейін 100 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Ал қалған 28-інің құрылысы 2010 жылдың ортасында аяқталатын болады деп күтілуде. Қала басшысы құрылыс дағдарысының алып келген өзіндік артықшылықтары да болғанын атап өтті. Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік бағасы төмендеді. 2006 жылмен салыстырғанда ол 3 есе арзандады. Құрылыс нарығы оңтайландырылып, қаржылық тұрғыдан қаухарсыз салушылар іріктеле бастады. Сонымен қатар, құрылыс секторын реттейтін заңнамалық база жетілдіріле түсті.