Құсбегілік – көшпенділерге ортақ құндылық – атыраулық құсбегі Арман Қошқаров
АТЫРАУ. KAZINFORM – Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын құсбегінің қатарында Арман Қошқаров та бар. Ол құсбегіліктің қыр-сырын 16 жасында әкесінен үйренген. Содан бері қыран баптап, құсбегілікті дәріптеп келеді.
Арман Қошқаров Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бірнеше рет қатысқан. Алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында елдің намысын қорғады. Сол дода қазақстандық құсбегілер үшінші жүлдеге ие болған. Ал, Түркияда өткізілген көшпенділер ойындарында құсбегілік бағдарламаға енгізілмеген. Оған құсты тасымалдау мәселесі қиындық тудыратыны себеп болыпты.
«Құсбегілік – көшпенділерге ортақ құндылық. Ал, аңға бүркіт салу, тазы жүгірту – қазақтың бағзыдан жеткен саятшылық өнері. Қазақтың өнері құсбегілердің ұлттық құндылыққа адалдығының нәтижесінде бүгінгі ұрпаққа жетті. Менің әкем де құсбегілікті жанындай жақсы көреді. Әкемнің жанында жүріп, құс баптаудың, құсбегіліктің қырын-сырына әбден қанықтым. Бала кезімде құс баптауға оянған қызығушылығым басылған жоқ», - дейді Арман Қошқаров.
Оның айтуына қарағанда, әкесі алғашында қаршыға алып берген. Кейін бүркіт баптауға үйреткен. Ол V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты Көкшетау өңірінде өткізген.
«Құс баптауды үйрену қиын емес. Ең бастысы, ынта қажет. Құсты балапан кезінен баптаған жөн. Өйткені, балапан кезінен қолға үйретілген бүркіт иесін даусынан таниды. Оған талай куә болдым. Өзім 16 жасымнан бері құсбегілікті серік етіп келемін. Бұл – менің хоббиім емес», - дейді Арман Қошқаров.
Құсбегінің пікірінше, соңғы жылдары құсбегілер қатысатын сайыстың бағдарламасына өзгеріс енгізілген. Сайыстың кейбір түрі көшпенділер ойындарының бағдарламасынан алынып тасталған.
«Бұрын құсбегілер құсты 200 метр қашықтықтан қолға шақыратын еді. Қазірге ережеге сәйкес қашықтық 500-700 метрге өзгерді. Ал, көшпенділер ойындарындағы құсбегілер құсты еркін ұшыру, шырға қағу түрлерінен сайысады. Құсты аңға салу бағдарламаға енгізілмей қалды», - дейді Арман Қошқаров.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын көшпенділер ойындарына қатысатын атыраулық Марат Бексұлтанұлы садақ атуды интернет желісінен үйренгенін айтқан еді.