Құтқарушылар Абай облысында адасып кеткен ер адамды аман-есен тапты
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында Төтенше жағдайлар министрлігі, облыстық полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күші тауда адасып кеткен 1989 жылы туған ер адамды іздеп тапты, деп хабарлайды ТЖМ.
Жоғалған азамат Тоқтамыс ауылынан 20 шақырым жердегі Қоңыр Әулие үңгірі маңында табылды.
Хабарлама түскеннен кейін құтқарушылар бірден іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісңп, жүруі қиын жер жағдайында іргелес аумақты және жоғалған адамның ықтимал қозғалыс бағыттарын тексеріп шыққан.
Іздестіру шаралары барысында ер адам қар құрсауында қалып қойған жеңіл автокөлігінің ішінен табылды. Құтқарушылар қажетті көмек көрсетіп, оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізген.
Ер адам медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Еске сала кетейік, 4 наурыз күні құтқарушылар Қостанайда жолдан адасып, беліне дейін қарға батқан ер адамды тауып алды.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында қар құрсауында қалған балықшы аман-есен құтқарылды.