Құтқарушылар Алматы тауларында адасып кеткен екі жасөспірімге жәрдемдесті

АСТАНА. KAZINFORM — Сәтбаев шыңынан төмен түсу кезінде 16 жастағы екі турист Треугольник шыңының маңында бағыттан жаңылып, қараңғы түскен соң олар жолды өз бетінше жалғастыра алмай, құтқарушылардан көмек сұраған. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті. 

Сәтбаев шыңынан төмен түсу кезінде 16 жастағы екі турист Треугольник шыңының маңында бағыттан жаңылып, қараңғы түскен соң олар жолды өз бетінше жалғастыра алмай, құтқарушылардан көмек сұраған.
Видеодан алынған скрин

Хабар түскен бойда іздеу жұмыстарына ТЖМ Республикалық құтқару қызметінің «Барыс» бөлімшесі аттанды.

— Құтқарушылар «Медеу» бекетінен шығып, жасөспірімдер болуы мүмкін аумаққа бағыт алды. Түнгі уақытта күрделі таулы жер бедерімен жүру оңай болған жоқ. Туристерге жету үшін құтқарушыларға үш сағаттан астам уақыт қажет болды. Іздеу нәтижесінде жасөспірімдер Треугольник шыңының етегінен табылды, — делінген хабарламада.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, олардың жағдайы қанағаттанарлық болды, медициналық көмек қажет болмаған.

Кейін анықталғандай, жас туристер биік таулы бағытқа жеткілікті дайындықсыз шыққан. Олардың жабдықтары жорық талаптарына сай келмеген, ал қараңғылық оларды бағыттың күрделі бөлігінде қарсы алған.

Құтқару операциясы аяқталған соң мамандар жасөспірімдерді қауіпсіз түрде таудан түсіріп, қалаға жеткізді. 

— ТЖМ тауға шығар алдында бағытты алдын ала жоспарлауға, ауа райын бақылауға, қайту уақытын дұрыс есептеуге және қолайлы киім мен аяқ киім таңдауға кеңес береді, — деп ескертті ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұған дейін туристік аймақтарда әмбебап құтқару бөлімшелері ашылатынын жаздық.