Құтқарушылар Алматы тауларында адасқан екі жасөспірімді төменге түсірді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Құтқарушылар Шүкір сарқырамасынан өз бетінше төмен түсе алмай қалған жасөспірімдерді тау етегіне аман-есен жеткізді. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласының құтқару қызметінің құтқарушылары биіктігі теңіз деңгейінен шамамен 2300 метр болатын Медеу ауданындағы Шүкір сарқырамасынан өздері түсе алмаған екі жасөспірімге көмек көрсетті.
Оқиға орнына «БАУ» қалалық құтқару қызметінің экипажы шыққан. Құтқарушылар жасөспірімдерді тауып, оларды қауіпсіз аймаққа дейін жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болмаған және кейін үйлеріне өздері кеткен.
Еске сала кетсек, құтқарушылар тауда адасқан ерлі-зайыптыларды «SOS» хабары арқылы іздеп тапты.
Сондай-ақ Алматыда құтқарушылар 16 жастағы туристі 4000 метр биіктіктен аман-есен түсіргенін жаздық.