Құтқарушыларды әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру: заңнамаға қандай өзгертулер енгізілмек

тж
Коллаж: Kazinform

Азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру еліміз үшін стратегиялық маңыздағы мәселелердің қатарында. Кейінгі кездері жиілеп кеткен табиғи және техногендік апаттар төтенше жағдайларға қатысты заңнамалық актілерді қайта қарау қажет екенін байқатты. Бұл ретте, жаңа тәсілдерді, оның ішінде шет елдердің озық тәжірибелерін енгізу әрі ғылыми әлеуетті кеңінен пайдалану ерекше мәнге ие.

Азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру

Жақында Сенатта «Азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда тиісті заңға енгізілетін түзетулер талқыланып, ұсыныстар жарияланды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың пайымдауынша, Қостанай мен Абай облыстарындағы орман өрттері жауапты мемлекеттік органдардың жұмысындағы түйткілдерді айқын көрсетті.

«Жалпы, табиғи әрі техногендік апаттардың салдары қашанда ауыр болады. Сол себепті, азаматтық қорғауды күшейту, осы саладағы қауіптердің алдын алу – мемлекеттік органдардың ең маңызды мақсаттарының бірі. Өкінішке қарай, кейінгі жылдарда табиғи және техногендік сипаттағы апаттар болды. Соның салдарынан мыңдаған адам зардап шекті. Қаза тапқандар да бар екені жасырын емес. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Осы ретте, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды екенін айрықша атап өткен жөн. Өйткені, соңғы жылдардың өзінде осы бағытта көптеген төтенше оқиға болды. Олардың қатарында Қостанай, Абай облыстарында болған ірі орман өрттері де бар. Бұл екі оқиға өртті сөндіруге жауапты мемлекеттік органдардың жұмысындағы түйткілдерді және осы бағытта тиімді жүйенің жоқ екенін айқын көрсетіп берді», - деді М. Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев: Егемендік – біздің ең басты құндылығымыз
Фото: senate.parlam.kz

Сонымен қатар ол жақында өрт салдарынан Алматыда қайғылы жағдай болғанын еске салды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдардың алдында ауқымды жұмыстар тұр. Сондай-ақ, елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесінде де олқылықтар аз емес. Қарағанды облысындағы шахталарда болған апаттар соның салдары екені сөзсіз. Бұл ретте, алдын алу жұмыстарының жүзеге асырылмауы, тиісті бақылаудың әлсіреуі, уақтылы жүргізілмеген күрделі жөндеу, жүйесіз жобалық және техникалық шешімдер қайғылы оқиғаларға әкелетін жағдайлар екені анық.

«Осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізу қажет. Қазіргі таңда әлем бойынша сейсмикалық апаттардың да жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Еліміздің географиялық орналасуына байланысты бізге бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Сондықтан сейсмикалық қауіпсіздікті сақтау бағытында да жүйелі, жоспарлы қадам жасауымыз керек. Жалпы, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнеркәсіптік қауіпсіздікті жетілдіру, сейсмикалық қауіпсіздікті сақтау және басқа да осы бағыттағы мәселелерді шешу мемлекеттік органдардың үнемі назарында болуы тиіс. Бізге осы мәселеде әлемдегі озық тәжірибелерді зерттеп, жаңа тәсілдерді енгізу өте маңызды. Сонымен қатар, ғылыми әлеуетті кеңінен пайдалану қажет», - деді Сенат төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, азаматтық қорғау сияқты маңызды сала тиісті деңгейдегі қаржыландыруды қажет етеді. Алайда кейінгі жылдарда бұл саладағы көптеген іс-шараларға тиісті деңгейде қаржы бөлінбей келді. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер осы мәселеде жүйелі және кешенді шешімдер қабылдау керек.

Медициналық-құтқару пунктілері тапшы

Сенат депутаттары Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында және Астана, Алматы қалаларында өткізген кездесулерде төтенше жағдайлар бөлімшелері жұмысының тиімділігіне теріс әсер ететін мәселелердің бар екендігін анықтады.

«Біріншіден, қазіргі кезде қолданыстағы заңнамада құтқару бөлімшелерінің әкімшілік-аумақтық бірлікке есептегенде штаттармен жасақтау нормасы айқындалмаған. Осыған байланысты облыстардағы бөлімшелерді жасақтау қалдық қағидат бойынша және қолданыстағы штат лимиті аясында іске асырылып жатыр. Қазақстанның барлық өңірлерінде қазіргі уақытта құтқарушылар санының жеткіліксіздігі байқалды. Бұл ретте, өңірлердегі халықтың жалпы санын, туристік объектілердің, су айдындарының және құтқарушылардың жүктемесі мен қажет санына әсер ететін басқа да факторларды ескере отырып, төтенше жағдайлар аумақтық департаменттерінің авариялық-құтқару қызметтері жеке құрамының штат санын есептеу нормативтерін әзірлеу жөнінде шаралар қабылдануы қажет», - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

депутат Ғалиасқар Сарыбаев
Фото: 24.kz

Бұдан бөлек ол Қазақстандағы автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы 100 мың шақырымға жуықтағанын, күн сайын еліміздегі жолдарға заңды әрі жеке тұлғалардың 5 млн-нан астам көлігі шығатынын айтты. Жылына 9-10 мың жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Ал, республиканың жолдарында бар болғаны 44 трассалық медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді.

«Трассалық медициналық-құтқару пунктілерінің жеткіліксіздігіне байланысты, сондай-ақ ауа райының қолайсыз жағдайларында жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірлік департаменттердің арнайы техникалары мен құтқару қызметкерлерімен қамтылған тәулік бойы жылжымалы бекеттерді қою қажет етеді. Авариялық-құтқару қызметінің, оның ішінде трассалық медициналық-құтқару пункттерінің инфрақұрылымын салу, оларды медициналық-құтқару көлігімен және арнайы құралдарымен жабдықтауды, сондай-ақ су-құтқару қызметі күшейтілуі тиіс», - дейді депутат.

25 жыл ішінде елімізде өртке қарсы және авариялық-құтқару кезінде 69 қызметкер қаза тапты. Қазіргі кезде аймақтық құтқару қызметінің қызметкерлері жыл бойы қолайсыз табиғи жағдайда жұмыс істейді, көбінесе өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Қолайсыз факторлардың қызметкерлерге үнемі әсер етуі, психо-эмоционалды жүктеменің көбеюі моральдық тұрақсыздыққа, кәсіптік ауруларға және мамандардың қызметтен кетуіне әкеледі. Сондықтан құтқарушыларды азаматтық қызметшілер санатынан Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің санатына ауыстыру, әлеуметтік қорғау тетіктерін қарауды жеделдету қажет.

Заңнамаға өзгерістер енгізіледі

Жаңа қауіптер мен сын-қатерлердің пайда болуы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі азаматтық қорғау жүйесінің жаңа тәсілдерін қолдануды талап етеді, яғни Қостанай және Абай облыстарындағы өрттер, шахталардағы апаттар, Түркиядағы, Ауғанстандағы жойқын жер сілкіністері кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізудің маңызын айқын көрсетіп отыр.

«Тәуекелдерді басқарудың жаңа тәсілін енгізу мақсатында салалық заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Қазір Үкіметтің 7 функциясы министрлікке, ал министрліктің 1 функциясы жергілікті әкімдіктерге берілді. Әкімшілік реформа аясында «Азаматтық қорғау туралы» Заңнан 56 функция алынып тасталды, тағы 53-і әзірленген заң жобасы бойынша іске асырылады. Ұсынылған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларына, Үкіметтің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленді және азаматтық қорғау саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыруды көздейді», - деді Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.

Тиісті заңды сапалы әзірлеу мақсатында министрлік пен Парламенттің ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, 26 отырыс өткізілді. Талқылауға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, министрліктер мен әкімдіктердің, «Атамекен» палатасының, Еуразиялық қауымдастықтың, Қазақстанның азаматтық қорғау одағының өкілдері қатысты. Бұл тұрғыда министр аталған құжат аясында ескерілген қадамдарға тоқталды.

«Біріншіден, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жетілдіруге қатысты. Объектілерді жобалау және салу кезінде болған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілері, өрттің туындау қаупін сейілту және оның ауыр салдарын азайту мақсатында кешенді шаралар қабылдауды талап етеді. Министрлікке келіп түскен шағымдардың 60 пайызы өрт қауіпсіздігі талаптарын жобалау кезінде және құрылыс сатысында бұзылатынын көрсетіп отыр. Мәселен, «STOP Құрылыс» тобы мүшелерінің бір ғана өтінішінде Алматы қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 11 тұрғын үй кешенінің бар екенін көрсетті. Алматы қаласындағы 13 адамның өмірін қиған хостелдегі қайғылы оқиға қоғамдық резонанс тудырды. Аталған жағдайларға жеке үйлер мен коттедждерді жатақхана етіп қайта жабдықтау үрдісінің өсуі ықпал етіп отыр. Әсіресе, мұндай іс әрекеттер Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалды. Осындай фактілердің алдын алу үшін биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар мен адамдар жаппай шоғырланатын нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде министрліктің (Төтенше жағдайлар министрлігі) қатысуын қайтару бойынша норма әзіріленді», - деді С. Шәріпханов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының құрылысты жобалау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту туралы тапсырмасын орындау мақсатында Министрлікке арнайы техникалық шарттарды келісу өкілеттігін беру қарастырылған. Бұл норма өрт қауіпсіздігі талаптарын орындаудан негізсіз ауытқу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Әзірленіп жатқан заң жобасы аясында өрт қауіпсіздігі мәселесі бойынша 9 толықтыру, 19 өзгеріс енгізіледі.

«Жыл сайын қауіпті өндірістік нысандарда 20-ға жуық ірі апат болады. Негізінен жүк көтергіш механизмдерді пайдаланатын нысандарда, тау-кен және мұнай-газ өнеркәсіптерінде осындай оқиғалар тіркеліп жатады. Өндірістердің технологиялық жабдықтары күн өткен сайын тозып келеді. Кәсіпорындар көбінесе қауіпсіздік мәселелерін елемей, басымдықты қауіпсіздікке емес, пайда табуға қойған. Осының салдарынан биылғы 9 маусымда «Шығыс Қаратұрын» кен орнында ашық фонтан атқылады, 17 тамызда «Арселор Миттал Теміртаудың» «Қазақстан» шахтасында ірі өрт болды, 28 қазанда «Костенко атындағы» шахтада жарылыс болды», - деді ведомство басшысы.

Бұл тұрғыда ол көбіне өндірістік бақылау қызметі немқұрайлы жұмыс істейтінін және олар анықталған кемшіліктерді жасыратынын айтты. Басты себептің бірі – олар дербес өндірістік бақылау қызметі санатына жатпайды, яғни басқа қосалқы қызметтердің құрамына енгізілген, бірінші басшымен тікелей байланыс жоқ. Өндірістік апаттардың алдын алу мақсатында ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынатын жеке-дербес өндірістік бақылау қызметін құру бойынша ұйымдарға нақты міндет бекіту керек. Министрлікке қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту мен техникалық қайта жарақтандыру жоспарын келісу, сондай-ақ ұйымдардың оны уақтылы орындау міндетін бекіту бойынша өкілеттіктер беру ұсынылды.

Сырым Шәріпханов
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Оның сөзіне қарағанда, қазір кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің жауапкершілігін қатаңдату мәселесі пысықталып жатыр. Бұдан басқа, жүргізілетін профилактикалық жұмыстар аясында кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің позицияларын күшейту бөлігінде қолданыстағы заңнаманы, сондай-ақ жеке құрамның штат санын есептеу нормативтерін, жарақтандыру нормаларын қайта қарау бойынша жұмыстар атқарылады.

«Сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту бағытында Министрлік сейсмологиялық саланы дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге бастама жасады. Бұл өз кезегінде елдің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сейсмология саласының ғылыми әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасында мемлекеттің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің және халықтың сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара қарым-қатынастарын реттеу ескерілген. Жойқын жер сілкінісі болған жағдайда, оның салдарын барынша азайтуға мүмкіндік беретін жауапкершілік, қаржыландыру қадамдары, іс-шаралар кешені заңнамалық түрде бекітіледі. Бұл жергілікті атқарушы органдарға халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қаржыландыру мен барлық қажетті іс-шараларды уақтылы және толық көлемде орындауға мүмкіндік береді», - деді Сырым Шәріпханов.

Осы орайда Төтенше жағдайлар министрлігіне сейсмикадан, селден, көшкіннен қорғауды қамтамасыз ету бөлігінде қала құрылысы жобаларын келісу құзырын беру маңызды толықтырудың бірі болмақ.

Соңғы жаңалықтар