Құтқарушы Түркиядағы зілзала туралы: Шынымен осындай жағдай болып жатқанына сенгің келмейді
«Түркияға келген бойда арнайы штабқа бардық. Сол жерде атқаратын жұмысымыздың егжей-тегжейін білдік. Апат болған жерге барғанда киноға тап келгендей сезім болды. Шынымен осындай жағдай болып жатқанына сенгің келмейді. 7-8 қабатты зәулім үйлер жермен-жексен болған. Адамдарға аянышсыз қарамау мүмкін емес. Бәрі шатырларды паналап жүрді. Алғашқы үш күнде 24 сағаттан жұмыс істедік. Барған күні-ақ үш адамды үйінді астынан тірі алып шықтық. Оның біреуі ер адам, екеуі әйел болатын. Әйелдердің бірі егде жастағы кісі екен», - деп еске алады құтқарушы.
Сондай-ақ, ол үйінді астынан балалардың денесін алып шығудың психологиялық салмағы ауыр болғанын айтады.
«Кез келген адам мұндайды көргенде психологиялық зақым алуы мүмкін. Бірақ біз тосын жайттармен үнемі ұшырасатындықтан, ондайға төзімділік қалыптасады. Оның үстіне қанша қиналып тұрсақ та, ондағы адамдарға өз эмоциямызды көрсетпеуіміз керек. Әсіресе үйінді астынан жас балалардың, әйелдердің денесін алып шығу ауыр тиді», - дейді Рахат Кендібаев.