Құтқарушылар саябағында Асқар Забикулинге естелік тақтайша орнатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы Құтқарушылар саябағында 2022 жылы қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулинге арналған естелік тақта орнатылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
None
Фото: gov.kz

2022 жылғы 16 қарашада 10 сағат 43 минутта «101» тетігіне Астана қаласындағы «Қаһарман» тұрғын үй кешеніндегі (Б. Момышұлы даңғылы, 14) өрт туралы хабарлама түседі. Ашық жалынмен 11-қабаттағы 50 шаршы метр болатын пәтер жанып жатқаны анықталды.

Қою түтін пайда болып, пәтерлерде және саты алаңдарында болған адамдар өз беттерінше сыртқа шыға алмаған.


Бірінші кезекте отпен күресушілер шешуші бағыт ретінде адамдарды құтқаруды таңдады. Сөйтіп, А. Забикулин 12-қабатта орналасқан терезеден құтқару арқаны көмегімен жанып жатқан пәтерге (11-қабатқа) түсті.

Екі адамды әріптестері бұзып үлгерген кіреберіс есік арқылы алып шықты. Содан кейін көрші пәтерге жүгіріп кіріп, қалың түтін арасынан 10 жастағы баланы құтқарды.

Асқар Забикулин денесінің 80%-ға жуық термиялық күйігімен №1 көп бейінді қалалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күресті, бірақ ол 20 қарашада ауруханада көз жұмды.


Қызметтік борышын орындау және адамдар өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен өз ісіне берілгендігі үшін, азаматтық қорғау капитаны Асқар Серікұлы Забикулин І дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.

Естелік тақтаның ашылуынан кейін департамент бөлімшелерінің жеке құрамы сап түзеп, жазғы арнаулы киімге ауысуға толық дайындығын көрсетті. Астана қаласы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев саптық дағдылар деңгейін, бөлімшелердің үйлесімділігін, сыртқы келбетін, киім нысанын, қызметтік куәліктердің, жеке нөмірлері бар жетондардың, ТЖД және Өрт сөндіру қызметі жеке құрамы белгілерінің болуын тексерді.

Сондай-ақ, 16 жас қызметкер салтанатты түрде ант қабылдады.


Соңғы жаңалықтар