Күйзеліс – жалқаулық емес, мидағы өзгеріс — маман пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 264 млн астам адам мазасыздықтан зардап шегеді. Ал депрессия, күйзеліс диагнозы қойылғандардың саны 300 млн асыпты. Күйзелістен құтылудың жолы қандай?

Психолог Аида Тұрғазы күйзеліске шалдыққан адамның медициналық ем алу керектігін, себебі өз бетінше немесе жақындардың көмегімен жазылу қиын екендігін айтады. Күйзеліс - психологиялық ғана емес, биохимиялық процесс.
– Депрессия мен стресс – мүлде басқа нәрселер. Стресс – ағзаның психологиялық-физиологиялық сыртқы әсерлерге реакциясы. Егер маған сырттан мазасыздандыратын қандай да бір жағдай болатын болса, мен стрессті сезінемін. Стресс негізінен уақытша болуы керек. Ал күйзеліс – бұл мидағы өзгерістер. Себебі мидағы нейрондардың арасында өмірден рахат алу, дофамин, күту, жақсылықтан үміттену, қуанышты күту деген секілді нейромедиаторлар бар ғой. Күйзеліс кезінде осы нейромедиаторлардың бір-бірінің арасында өтуі қиындайды. Депрессия – кәдімгідей диагноз. Мұндай кезде емделу керек болады, – деді маман Jibek joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында.
Аида Тұрғазы қазіргі уақытта көп адам стресстен зардап шегетінін жеткізді.
– Қазіргі қоғамда адамдардың психоэмоционалды негізгі проблемасы – стресс. Себебі біз күнделікті жұмысымызда, өмір салтымызда стресске жиі ұшыраймыз. Адам қарапайым ұялы телефондағы ақпараттардан, өз-өзіне қанағаттанбаудан, өзгелермен салыстырудан созылмалы стресске түсуі мүмкін. Бірақ бізде стресске төзімділік деген түсінік бар. Ол әр адамда әртүрлі кездеседі. Стресске төзімді болу үшін адам сана деңгейін көтеруі керек, яғни өз-өзін басқара алу керек. Стресс кезінде ең бірінші ағзаға көмек керек. Себебі бұл ойдан ғана туатын дүние емес қой. Мұндай кезде жүрек қатты соғады, қан қысымы көтеріледі, тыныс өзгереді деген секілді адам ағзасында түрлі өзгерістер болады. Егер адам дәл осындай күйде ұзақ уақыт жүретін болса, бұл міндетті түрде ауруларға алып келеді, – дейді.

Маман мазасыздықтың адамға қалай әсер ететінін түсіндірді.
– Стресс пен депрессияның ең үлкен әсері – ол ми жұмысын өзгертуге қауқарлы. Өйткені бұл кезде алдыңғы ми бөлігі өзгеріске ұшырайды. Біздің лимбиялық жүйеміз өте белсенді болған кезде біздің ойлануымыз, анализ жасауымыз, айналада болып жатқан оқиғаларды қабылдауымыздың барлығы эмоцияның әсерімен өзгеріске ұшырап кетеді. Сырттан қарағанда бәрі жақсы. Бірақ адамдағы қайғының, уайымның, қорқыныштың, күйзелістің, өзге адамдар түсінбейтіндей күйде болуының барлығы – іштегі болып жатқан өзгерістер. Сол себепті сыртта қандай жағдай болып жатса да, адам оны ішкі күйінде мүлде басқаша қабылдайды, – дейді ол.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Психолог стресс пен күйзеліске бейім болмау үшін салауатты өмір салтын ұстану керектігін айтты.
– Күйзеліс пен стресске төзімді болу үшін адам салауатты өмір салтын ұстануы керек. Менталды денсаулық, не физиологиялық денсаулық болсын, біз денсаулық жайлы қандай да бір әңгіме айтқан кезде ең бірінші ұйқының дұрыс болуын ескертеміз. Себебі күнделікті ұйқы кезінде біздің миымыз адам ағзасын тазалап отырады. Ағзаны қайта қалыпқа келтіреді.
Адамның дұрыс тамақтануы да өте маңызды. Біз тамақ арқылы тою секілді қажеттіліктерді ғана өтемейміз. Кейде тамақ стресс кезінде адамның дофаминдік жүйесін де бұзуы немесе жылдам дофамин көзіне де айналып кетуі мүмкін. Сол үшін адам стресс кезінде көп тамақ жеп, ішіндегі уайымдарын тамақ арқылы басуға тырысады.
Сондай-ақ өзге адамдармен қарым-қатынасын дұрыстау, кейде өз-өзімен қалу, жағдайларға анализ жасап, қорыта алу, сырттан келетін ақпараттарға фильтр қоя білу қажет.
Өзіне ұнайтын хоббимен айналысуды ұсынатын едім және белгілі бір ортамен араласу әдетін қалыптастыру керек.
Ең қызығы – адам еңбектенген кезде табиғи дофаминдер бөлінеді. Сол себепті еңбектену культін қалыптастыру керек. Ал қазір бізде адамдар жеңіл өмір сүруді, барлық нәрсенің жылдам бола салғанын қалайды. Егер сіз еңбектену процессін жақсы көретін болсаңыз, ол өміріңізге жақсы жағынан әсер етеді, – дейді Аида Тұрғазы.

Кейде адамдар мәселеге мән бермей, оны жүрекке жақын қабылдамауға тырысады. Бірақ психолог бұл әдістің де тиімсіз екенін айтады. Себебі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, оған анализ жасау – адамзаттың ең бірінші функциясы.
– Мәселеге мән бермей, жүректен өткізбей қоюға болмайды. Бұл эмпатияны басып тастауы мүмкін. «Неге бұлай болды?», «Неге менде мұндай реакция?», «Неге мен қатты уайымдаймын?», «Неге мен бұл тақырыпқа қатты берілемін?» деген секілді анализ жасап, ақпаратты түсінуі қиындайды. Сыртқы оқиғалардың сізге қалай әсер етіп жатқанын түсіну – адамның ең бірінші функциясы болуы керек. Адам неге олай болып жатқанын ойлана алуы керек. Адамдарға үйреншікті, дәстүрлі жолмен жүре беру жеңілірек.
Мида екі түрлі жүйе бар. Оның бірі – автоматты жүйе. Кейде оны «жалқаулық жүйесі» деп те атайды. Екіншісі – қиын жүйе. Ойлану процессінің бәрі екінші жүйе арқылы өтеді, яғни бізге автоматты реакцияны бере салған оңайырақ. Автоматты түрде сөйлеп, баға бере салу жеңіл. Ал ойлануға көбірек ресурс керек. Сол себепті көбірек ойланып үйрену де керек, – дейді ол.
Психолог күйзеліс түрлі кезеңдерге бөлінетінін және әр кезеңге сай жасалу керек ем-шараларын да түсіндірді.
– Күйзелістің үш кезеңі болады. Бірінші кезеңде адамның өзінің ойлары, өзінің ағзасы көмектесуі мүмкін. Оны өзіндік терапия деп атайды. Күйзеліс екінші кезеңге өтсе, оған психолог-психотерапевт маман қажет болады. Ал үшінші кезеңге өтіп кетсе, міндетті түрде дәрі-дәрмек арқылы емдеу қажет болады. Бұл - еріншектік не жалқаулық емес. Бұл адамның еркінен тыс болып жатқан дүниелер. Бұл – мидағы өзгерістер екенін түсінуіміз керек, – дейді маман.
Тақырыпқа байланысты психотерапевт те пікір білдірді. Дәрігер күйзелістің қандай ауруларға душар ететініне тоқталды.

– Күйзеліс жүрек ауруларына, ангина, асқазанның ойық жарасы, тітіркенгіш ішек синдромына шалдықтырады. Бұл – ғылыми дәлелденген. Бірақ күйзеліс пен стресс нақты онкологиялық аурулардың себебі деп айта алмаймыз. Себебі күйзеліс – жай ғана фактор. Онкологиялық аурулар, ең бірінші кезекте тұқым қуалайды және оған қандай да бір инфекциялар, вирустар, қабынулар себеп болады. Жас кезде ауырып, оны дұрыс қарамай, 20-30 жыл өткеннен кейін оған күйзеліс не стресс қосылса, ол бастапқы ауруды қоздыруы мүмкін, – дейді Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың аға ординаторы Бұлбұл Азанова.
Маман күйзелістің онкологиялық ауруларға қалай әсер ететінін айтып берді.
– Күйзеліс оған қалай әсер етуі мүмкін? Адам қатты уайымдап, стрессте жүрген кезде, жүктемесі көбейіп кеткенде ағзада кортизол көтеріліп кетеді. Ал ол көтерілсе, иммунитетті әлсіретеді және адамдардың арасында «онкологиялық ауру өкпе-реніштен пайда болады» деген жансақ пікір қалыптасқан. Бұл – миф. Адам өзіне жауапкершілік алудан қашқақтаған кезде осындай сылтаулар іздей бастайды, – дейді психотерапевт.
Ал бала күйзеліске түспеуі үшін ата-анасы неге мән беруі керек? Психологтің кеңесін мына жерден оқи аласыз.