«Күз, кез, көз, күш, кеш, көш...»: Шавкат Рахмонов туралы анимациялық видео шықты

шавкат рахмонов
Фото: видеодан скрин

Аралас жекпе-жек тақырыбына арналған мультфильмдер жасаумен айналысатын суретші Моджахед Фудаилат өзінің YouТube-арнасына қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (18-0) пен америкалық Стивен Томпсонның (17-7-1) айқасына арналған видео жариялады, деп хабарлайды Кazinform.

Видеода Рахмонов пен Томпсонның жекпе-жегінің барысы көрсетілген. Онда қазақстандық спортшы оппонентін буындыру әдісімен жеңеді.

UFC президенті Дана Уайт Ш.Рахмоновты жеңісімен құттықтағаннан кейін, ол қазақ тіліндегі жаңылтпаштармен жауап береді.

«Күз, кез, көз, күш, кеш, көш, кір, кер, көр, күл, кел, көл», «Арқада алты арқар бар, қырқада қырық арқар бар», - дейді қазақстандық жекпе-жек шебері.

Кейін UFC президенті Д.Уайт Шавкат Рахмонов чемпион Леон Эдвардспен міндетті түрде жекпе-жек өткізуі тиістігін айтады. Осы кезде Белал Мұхаммад шығып, өзіне мүмкіндік беруді, бұл айқасқа дивизионда тек өзі ғана лайықты екенін айтады. Бұған Д.Уайт оның бетінен жұрыдықпен ұрып жауап береді.

Еске салайық, үстіміздегі желтоқсан айында Лас-Вегас (АҚШ) қаласында 296-турнирі өтіп, Шавкат Рахмонов октагонда Стивен Томпсонмен кездесті. Бұл жартылай орта салмақтағы жекпе-жек үш раундқа жоспарланғанымен, екінші раундта Рахмоновтың жеңісімен аяқталды.

Осы жеңісінен кейін қазақстандық файтер UFC-дің жартылай орта салмақ санатындағы рейтингісінде үшінші орынға көтерілді. Оның алдында Белал Мұхаммад (2-орын), Камару Усман (1-орын) және чемпион Леон Эдвардс орналасқан. Колби Ковингтон бесінші орынға сырғыды.

Соңғы жаңалықтар