Күзде марал неге ерекше дауыс шығарады
АСТАНА. KAZINFORM — Күз келгенде орман тыныштығын маралдардың ерекше дауысы бұзады. Алыстан естілетін бұл үн — жай ғана табиғи дыбыс емес, аталық маралдардың күйек кезеңіне кіргенін білдіретін белгі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жазуынша, күзде аталық маралдардың мінез-құлқы өзгереді. Олар ерекше дыбыс шығарып, аналықтарды шақырады. Сонымен қатар бұл дауыс арқылы басқа аталықтарға өзінің бар екенін білдіреді.
Марал не үшін дауыс шығарады?
- Аналықтарды шақырады. Дауыс арқылы аталық өзінің бар екенін білдіреді.
- Қарсыласына белгі береді. Өзге аталықтарға өзінің аумақта екенін және күйекке қатысып жатқанын көрсетеді.
- Бәсеке күшейеді. Күйек кезінде аталықтар арасында аналықтар үшін бәсекелестік арта түседі.
Осы кезеңде маралдың дауысы орман ішінде алыстан естілуі мүмкін. Бұл — күзгі табиғатқа тән ерекше құбылыстардың бірі.
Еске салайық, бұған дейін «Алтын-Емелден» Іле-Балқаш резерватына 30 құлан көшірілгенін жазғанбыз.