Қылмыскерді құрықтауға қырағылық қажет: Криминалистер қалай жұмыс істейді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Теледидардағы хикаяларда қылмыс болған жерге келген криминалистердің қолданылған қарудан бастап басылған ізге дейін мұқият зерттейтінін көріп жүрміз. Тек хикаяларда ғана емес, өмірде де солай. Қылмыскердің кім екендігін анықтауға бірінші кезекте криминалистердің жинаған деректері септігін тигізеді. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі ШҚО Полиция департаменті жедел криминалистикалық басқармасына барып, сондағы қызметкерлердің қалай жұмыс істейтіндігін көріп қайтқан болатын.

Шабаданмен шапқылайды

Бас криминалист Андрей Киселевтің осы салада тер төгіп жүргеніне 25 жылдан асқан. Бізді кіреберістен тосып алған ол ілтипатпен ішке кіргізді. «Сізге бірінші криминалистің шабаданын көрсетейін» деді де өз кабинетіне қарай жол бастады.


«Осындай шабадан әр криминалисте болады. Қайда жүрсек те қасымыздан тастамаймыз. Мұның ішінде жұмысқа қажеттінің бәрі бар. Атап айтқанда, саусақ іздерін өңдейтін дактоұнтақ, магнитті қылқалам, қылмыс болған жерді қоршауға арналған лента, қолданылған қару секілді заттай дәлелдердің қасына қойылатын сары түсті нөмірлер, биологиялық тест жасауға қажетті заттар, микросил пастасы, түрлі ұзындықтағы скотч лента, қалғап, маска мен бахила. Бұның көбісінің не екендігін түсінбей тұрған боларсыз. Сәлден соң бәрін бүге-шүгесіне дейін көрсетемін», - деді Андрей Киселев.


Қылмыс жасаған адамның саусақ ізі табылса, оның кім екендігін дактилоскопия картасының көмегімен білуге болады. Бұл карталар Қазақстан тұрғындарының саусақ іздері бір арнаға жиналған папилон жүйесінде сақталған. Өңір бойынша 478 азаматтың дактилокартасы бар.

«Мысалы, қазір саусақ ізін сканерлеп отырмын. Одан соң бағдарламаға енгіземін. Республикалық базаға түскен кез келген дактилокарта автоматты түрде қылмыс орындарынан алынып кім екендігі анықталмаған саусақ іздерімен түгелдей салыстырылып шығады. Тіпті 5, 10 жыл бұрын жасалған қылмыс болса да. Бірақ компьютерлік жүйеге толықтай сенуге болмайды. Егер қандай да бір сәйкестік анықталса, оны өзіміз мұқият тексеріп шығамыз», - деді криминалист Николай Виничук.


Қарулылар қадағалауда

Ары қарай баллистика кабинетіне табан келдік. Мұнда қару-жарақ пен оқ-дәрілердің кімге тиесілі екендігі анықталады.


«Қарудың маркасы, ұңғысы қандай, атуға жарамды ма, оқиға орнынан табылған оқ қай қарудан атылған деген сияқты сауалдардың жауабын іздейміз, - дейді баллист Әлібек Сейітов. - Жұмыс барысында екі құрылғыны қолданамыз. Оның бірі – МСК-1 микроскопы. Сол арқылы екі оқты немесе гильзаларды салыстырамыз. Мәселен, оқтағы ізден оның қандай қарудан атылғанын білуге болады. Екінші «Еvofinder» деген автоматтандырылған базамен жұмыс істейміз. Бұл базаның үш стансасы бар: жинақтаушы, салушы және жіберуші. Түсіндіре кетейін. Қазақстан бойынша әрбір облыста осындай дерекқорға құрылған. Ондағы ақпараттың барлығы Нұр-Сұлтан қаласындағы негізгі базаға жиналып отырады. Тек 10-шы калибрға дейінгі ойық ұңғылы қарудан атылған оқ пен гильзаны осы жүйеге кіргізе аламыз. Бірінші кезекте азаматтық қару ұстайтын тұрғындардың оқтары сканерлеу арқылы енгізіледі».


5 жылда бір рет қаруы бар адам осында келіп 3 рет оқ атады. Оның оқтары мен гильзалары аталмыш базаға енгізіледі. Мұндағы мақсат – қылмыс орнынан табылған оқтың кімге тиесілі екендігін жылдам табу. Демек, егер қылмыскер азаматтық қаруды қолданса, оны анықтау қиынға соқпайды.


Криминалистикалық басқармада зерхана да бар. Онда микроскоптың бірнеше түрі, ірі және ұсақ объектілерді фотоға түсіруге арналған Kaiser құрылғысы, фото және бейнежазбалар өңделетін компьютер мен кәсіби камералар орналасқан. Жоғарыда айтқан криминалистің шабаданында кездесетін заттардың қорын да осы жерден табуға болады.



«Криминалист әркез көлеңкеде жүреді»

Қандай да бір қылмыс болған жерге бірінші криминалист келеді дедік. Ол қалай әрекет етеді? Осы сұрақты қойғанымызда әу бастан қасымызда жүрген Андрей Киселев «Оқу-жаттығу залына барайық. Сол жерді арнайы дайындап қойдық» деді. Бардық.


«Міне, осы жерде бір әйелді өлтіріп кетті дейік. Көріп тұрғаныңыздай, қылмыскердің қолданған қаруы – пышақ. Ең бірінші кезекте не істейміз? Әуелі сол аумаққа басқа адамдар кіріп кетпес үшін лентамен қоршап шығамыз. Оның сырты күзетіледі. Содан кейін заттай дәлелдемелерді жинауға кірісеміз. Үстімізде міндетті түрде капюшоны бар ақ комбинезон, бетте маска, аяқта бахил, қолда қолғап. Қасымызда тергеуші жүреді», - деді бас криминалист.


Әр айғақтың қасына сары нөмір қойылады. Барлық әрекет фото мен бейнежазбаға түсіріліп отырады.


«Тәркіленген заттар дактоұнтақпен өңделіп, одан саусақ іздері алынады. Қан болса биологиялық зерттеу жүргізіледі. Қылмыскердің қалай келіп, қалай кеткенін анықтау маңызды. Микросил пастасы есікті немесе терезені бұзып кіргендердің іздерін анықтауға мүмкіндік береді. Егер қылмыс жасаған адам оқиға орнында аяқ киімінің ізін қалдырып кетсе, онда гипсті бедерді қолданамыз. Тек қана із емес, иіске де мән береміз. Оттық, есік тұтқасы сынды қылмыскердің иісі сіңген затты фанелді шүберекпен алып банкаға саламыз. Кейін күдікті анықталғанда иістей дәлелдерді кинологиялық қызметтің арнайы дайындалған иісшіл иттері тексереді», - деді Андрей Киселев.


Осы деректер жиналып болған соң әрқайсысына қай жерде, қай уақытта алынғаны жазылған қағаз жабыстырылады. Күдіктілер табылғаннан кейін айғақтар сотта қаралып, судьяның назарына ұсынылатыны белгілі. Осы ретте, әр дәлелдің нақты болғаны құба-құп. Себебі егер оны алған кезде криминалист қандай да бір ақау жіберіп алса, сотталушыны қорғайтын адвокат бұл дәлелді оп-оңай жоққа шығаруы мүмкін. Міне, сондықтан криминалистке үнемі бір шоқып, екі қараған жөн.


«Осы бөлмеде болған оқиғаға қатысты болжам жасап көрелік. Марқұмның кеудесінде – ас үйде қолданылатын пышақ емес. Бұл суық қарудың бір жерде сатып алынбай, арнайы шебер әзірленгені анық. Бұдан адам өлтірген қаскөй бұрын түрмеге отырып шыққан болуы ықтимал деген ой туындайды. Тәжірибелі криминалист бір қарағаннан-ақ саусақ іздерінің еркектікі, әлде әйелдікі екендігін біле алады. Нәзік жандының іздеріндегі папиллярлы сызықтар ұсақтау келсе, ал ер азаматта ірі болады. Демек, бұл жерде қылмыс жасаған – ер адам. Сөйтіп, жедел-іздестіру шаралары кезінде осы фактілер ескеріледі. Саусақ іздері папилон жүйесіне енгізіліп, сәйкес келетін дактилокарта бар ма, жоқ па тексеріледі», - деді бас криминалист.


«Тағы қандай сұрақтарыңыз бар?» дегенде санамызда түсінік қалыптасқанын айтып, ризашылығымызды жеткіздік. Сол кезде қасымызға таяған әлдебір кісі қолын ұсынып, өзін таныстырды. Бұл Жедел криминалистика басқармасының бастығы Александр Курилов екен.

«Криминалист әркез көлеңкеде жүреді. Ешкіммен сөйлеспейді. Біздегі мақсат – тек айғақты жинау, зерттеу. Ұжымымыз тұрақты. Барлығы тәжірибесі мол, тісқаққан криминалистер. Бір-бірімізге көмегімізді аямай, үнемі ақылдасып жүреміз. Қазіргі уақытта облыс бойынша 86 криминалист бар. Бәріміз бір үйдің баласындаймыз», - деді ол.


«Криминалисте қандай қасиет болуы керек?» деп сауал тастағанымызда ойланбастан «жан-жақты білім, шыдамдылық пен қырағы көз» деп жауап берді.

«Неге шыдамдылықты атадым? Өйткені бір қарағанда бәрі оңай көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде кейде бір дәлелмен жұмыс істеудің өзі ұзаққа созылады. Ал қалдырылған із анық көрінбесе онда тіптен қиын. Оны апталап зерттеуге тура келеді», - деп түсіндірді Александр Курилов.



P/s:

Жылы шыраймен қарсы алып, күні бойы қонақ қылған басқарма ұжымына рақметімізді айтып, сыртқа шықтық. Бүгін қылмыскерлердің құрықталуы ең әуелі криминалистерге байланысты екендігін кәміл түсінгендейміз. Кейде жөнді бағаланбайтын еңбектері ерен екен ғой. Себебі қырағы криминалист болса қылмыс жасаған адамның жазадан жалтармасы хақ.



Соңғы жаңалықтар