Қысқы Универсиада-2023: Қазақстан хоккейшілері Оңтүстік Кореямен кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 қаңтарда шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы 2023 жылғы Қысқы Универсиадада Оңтүстік Кореяға қарсы алғашқы ойынын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қысқы Универсиада-2023: Қазақстан хоккейшілері Оңтүстік Кореямен кездеседі

Қазақстан мен Оңтүстік Корея студенттер құрамаларының кездесуі елорда уақытымен 23:55-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қысқы Универсиада АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында 12 және 22 қаңтар аралығында болады.

Қазақстандық хоккейшілер Оңтүстік Корея, Венгрия, Ұлыбритания, Словакия және АҚШ-пен сынға түседі. Өзге топта Жапония, Украина, Швеция, Латвия, Чехия құрамалары бар.

Қазақстан студенттер құрамасы дүбірлі додаға тоғыз мәрте қатысты. 1995 жылы Испанияның Хака қаласында чемпиондық тұғырға көтерілсе, 1993, 2013, 2015, 2017 жылдарда күміс, 2007 жылы қола медаль иегері атанды.

Қазақстан студенттер құрамасының көрсеткіші:

2 орын - 1993 жыл. Закопане, Польша

1 орын - 1995 жыл. Хака. Испания

3 орын - 2007 жыл. Турин, Италия

4 орын - 2009 жыл. Харбин, Қытай

4 орын - 2011 жыл, Эрзурум, Түркия

2 орын - 2013 жыл. Трентино, Италия

2 орын - 2015 жыл. Гранада, Испания

2 орын - 2017 жыл. Алматы, Қазақстан

4 орын - 2019 жыл. Красноярск, Ресей.

Еліміздің студенттер құрамасы бұдан кейін 13 қаңтарда Венгрия, 16 қаңтарда Ұлыбритания, 17 қаңтарда Словакия, 18 қаңтарда АҚШ құрамасымен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасының бас бапкері қызметіне Ғалым Мәмбетәлиев тағайындалды.


Фото: dm0qx8t0i9gc9.cloudfront.net