Қыста жалаң қолмен ау құрдық, дауылда қайықтан да құладық - жарты ғасырдан астам уақыт балық аулаған қариямен сұхбат

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ…
- 1950 жылы Күршім ауданы Жолнұсқау ауылында дүниеге келдім. Ол кезде ауылымыз Қызыл өгіз деп аталған. Соғыстан кейінгі жұрт еңсесі тіктеле бастаған уақыт. Есейген шақта түрлі жұмысқа тартылып, ересектерге қолғабыс болып жүрдік. Маған әсіресе балық аулаған ұнайтын.
- Балық аулауға бала күннен қызықтыңыз ба?
- Арғы аталарым, әкем, нағашы жұртым түгел балықшы болған. Оларға қарап бой түзеп, осы жолды таңдадым. Ол кезде Күршімде балық зауыты әлі бой көтере қоймаған. Мектепті 8 сыныпқа дейін Жолнұсқауда оқып, 1966 жылы Тарбағатайдың Тұғыл ауылына балық зауытына жұмысқа кеттім. Арада жыл өткенде сондай зауыт Күршімде де іске қосылды.
1968 жылдың қазанында әскерге шақырылып, Ресейдің Мурманск облысына қарасты Североморск қаласында Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Жерлестерім ауылдағы жалғыз жүк көлігімен аудан орталығына дейін шығарып салғаны әлі есімде. Әскерден оралған бойда ауылда қайта жұмысқа кірістім. Ертіске ау құрып бастағанда бригадир Ақаш Қарағызовпен, учаске бастығы Қабыләшім Аманов ақсақалмен тізе қосып еңбек еттік. Алдымен моторист, кейін бригадир қызметін атқардым. Ол заманда Жолнұсқауда түтін саны мол, халық қарасы қалың-тұғын. Өзіміз үш ағайынды едік. Қарындасым кезінде қызылшадан шетінеп кеткен.

- Ертісте қандай балықтар кездеседі?
- Жас күнімізде Ертістің қоры мол болатын. Алабұға, аққайран, шортан, сазаннан бастап, табан, қарабалыққа дейін шоршып, ауымыз толатын. Бекіре мен ақбалық та несібемізге тиетін. Ал қазір қанша екені белгісіз. Көксерке өзенге бертіндері жіберілді. Бір жағынан, ол уақытта ауланған әр балықтың сұрауы болатын. Есеп-қисабы бірден шығарылады. Онымен қоса, балық аулау – жеңіл өнеркәсіп саналғанымен, іс жүзінде әр азаматты ауыр жұмыс күтіп тұрады.
- Осы жайлы тереңірек айтып берсеңіз…
- Қыстыгүні қалыңдығы бір метрден асатын мұз оямыз. Оны ат айдайды. 1970 жылдары аяз қатты еді. Қыс айларында 40-45 градустан түспейтін. Тек 1981 жылдан бері қарай аяз беті қайтқан. Қуатты техникалар жоқтың қасы. Ауылымыздан 10 шақырымдай ұзап, балық аулап, балықшылар уақытша аялдайтын арнайы орында жаттық.
Киген қолғабың кедергі жасаса, жалаң қолмен ау құруға тура келеді. Алдын ала екшеп, жоспар құрмасаң меженің орындалуы екіталай. Бір аумақта үш бригадир, учаске бастығы, онға тарта жұмысшы жұмылдырылып, өкімет бекіткен кестеден қалыспауға тырысамыз. Қабылдау пунктіне барғанда бір тонна балық өткізесің. Олар балықты түріне қарай топтап, есебі шыққан соң квитанция арқылы ақшамызды береді.
Қазір қап-қап ауланатын балықтың қайда өткізіліп жатқаны белгісіз. Ертістегі балық қорынан көбі бейхабар. Балықшылар құқығын қорғайтын заң да жоқ. Одан қалса, осыдан 50-60 жыл бұрын құрал-сайман, техникалармен өкімет қамтамасыз етсе, қазір керек-жарағын әр балықшы өзі сатып алады. Қайық, жанармай, аудан бастап, қажетті заттарға қаражат өз қалталарынан шығып жатыр. Құм кешіп, қар омбылап жүріп көліктері сынады. Мотор істен шығып, бөлшектері бұзылады. Аудың орташа бағасы – 8-9 мың теңге.

- Балық аулап жүргенде түрлі оқиғалар болған шығар?
- Су бетіне шыққан әрбір сәт қызықты әрі қауіпті. Бұрындары сатылымда темір қайықтар болмаған. Ал ағаш қайықтың қатты желде аударылып түсуі оп-оңай еді. Бірде қатты дауылда қалған кезде жанымда Сәбиев Ахметхан деген моторист болды. Әлі есімде, бұл 1972 жыл, қазан айының 18-і болатын. Таңертеңгі 4:00-де ау суырып, түс ауа сағат 11:00-ге дейін балық өткізуіміз керек. Одан кешіксек, балық тұтынуға жарамсыз деп танылады. Соған үлгерейік деп су бетіне шығып едік, дауыл үдеп кетті. Қайықтарымыз аударылып, суға құладық. Әйтеуір екеуміз де аманбыз. Бір қайықтан көз жазып қалдық, екіншісі алысқа ұзамапты. Содан әйтеуір дегенде жүзіп барып қайыққа мініп, ес кетті, жан шықты дегенде жағаға әзер жеттік.
- Балаларыңыздың ішінен өзіңіз секілді балықшы болғандар бар ма?
- Жұбайыммен төрт қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірдік. Құдайға шүкір, тоғыз немере, бір шөберенің ата-апасымыз. Үш перзентіміз қазір Жолнұсқауда бір-бір үй. Екі қызымыз Алматы мен Өскеменде тұрып жатыр. Ұлым Амантай екеуіміз бірлесіп ау құрып, балық аулаймыз. Қыздарым түгел ұстаздық жолда еңбек етуде.
- Әңгімеңізге көп рахмет!