Қызылорда облысына «SinoVac» вакцинасы жеткізілді

Облыста коронавирус індетін жұқтыру көрсеткіші біршама төмендеп келеді. Жалпы, жыл басынан бері вирус жұқтырған 13 826 адам тіркелсе, оның 80 пайызы жазылып шықты.
Аймаққа бүгінде Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған індетке қарсы «SinoVac» жаңа вакцинасының 11 500 дозасы келген. Қазіргі таңда оның 80 пайызы аудандарға жіберілген. Мәселен, Арал және Қазалы аудандарына - 2000, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандарына - 1000, Жаңақорған ауданына - 1500 дозасы жөнелтілді. Ал Қызылорда қаласына 2000 дозасы қалдырылған.
«Бұл жаңа вакцина инактивтелген. Үлкен кісілерге, науқасы бар жандарға салдыруға болады. Күтілетін реакциялар сирек кездеседі. Кең көлемде сұраныс болады деп ойлаймыз. Жалпы облыста екпе алуға қабілетті 401 мың тұрғын болса, бүгінде соның 63,9 пайызы вакцинацияланды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов.
Еске салсақ, Қызылорда облысында инфекциялық және реанимациялық орындар көбейтілді.