Қызылорда облысында 116 888 оқушы қашықтан оқытылады
Бұл оқушылар облыстағы 222 мектепте білім алады. Қашықтан оқыту «BilimLand», «Дарын-онлайн» интернет платформалары арқылы жүргізіледі.
«Облыста 1-4 сыныптағы 41 547 оқушы 3141 топта дәстүрлі оқиды. Шалғай орналасқан елді мекендердегі 71 мектептен 10712 оқушы дәстүрлі оқытылады. Ал 25 елді мекендегі 2187 оқушы дәстүрлі түрде оқиды. 2020-2021 оқу жылында облыстағы 30 колледжде қашықтан оқыту жүйесінде білім беру жүзеге асырылатын болады», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жаңа оқу жылының ерекшелігі 1 қыркүйектен бастап бірқатар мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіріледі. Яғни, Аралда - 9, Қазалыда - 3, Байқоңырда - 5, Қызылорда қаласында - 41 мектеп сол бойынша жұмыстар жүргізеді. Барлығы 58 мектепті аталған механизмге енгізу үшін барлық жоспарлы дайындық жұмыстары аяқталды.
Бүгінде қала және аудан әкімдіктері тарапынан дәстүрлі түрде өткізілетін «Мектепке жол» акциясы басталды. Биылғы акцияның мақсаты - әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды электронды құрылғылармен және интернетпен қамтамасыз ету болып отыр.
Сондай-ақ, Қызылорда қаласында 14 шақырым жылу жүйесі қайта жаңғыртылды.