Қызылорда облысында 16 күн ішінде 3141 адам коронавирус жұқтырды

Қазір өңірде 13576 қатерлі інде құрығына ілікті. Ал 10858 адам коронавирустан құлан-таза айықты. Аймақта 16 күн ішінде 3141 жағдай тіркелген.
«Вирустың мутацияланған штамдарының инкубациялық кезеңі екі-үш күнде бас көтереді. Уақытылы қаралмай, медициналық ем қабылдамаған жағдайда ауыр халге әкеп соғады. Статистикалық талдау жүргізгенде екпенің әсері өте жоғары екенін байқадық. Екпе егілгендер ауру белгісі жеңіл өтеді. Тағы бір айта кетерлігі, науқастанған жандардың екпе алғандары мен алмағандарына екі түрлі ем-шаралар жасалады. Сондықтан да жалған құжат алғандар өз өмірлеріне өздері қауіп төндірмек, - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Еске салсақ, Қызылордада бұған дейін 253 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.