Қызылорда облысында өрттен 76 жастағы қария құтқарылды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында тұрғын үйде болған өрттен 76 жастағы қария құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін, 22 ақпанда сағат 12.18 шамасында Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде, Ж. Аймауытов көшесі бойындағы тұрғын үйде болған.

«Аталған шақырту бойынша оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінен 12 қызметкер 2 техникамен жетті. Барлау жұмыстары барысында каркастан салынған тұрғын үй толық жанып жатқаны белгілі болды. Өрт ішінде адам қалып қоюы мүмкін екендігі анықталды. №9 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Ә.Сүлеймен бастаған мамандар 1947 жылы туған әйелді құтқарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырды. Азаматшаның денсаулығы дәрігерлердің жіті бақылауында», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен.

Ведомство мәліметінше, өрттің таралуы 12.37-те оқшауландырылып, 12.54-те толық сөндірілді. Оқиға себебі мен шығыны анықталып жатыр.


Соңғы жаңалықтар
telegram