Қызылорда облысында той жасағандарға айыппұл салынды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында тамыз айында мониторинг тобының мүшелері 398 нысана тексеріп, 56 карантин талабын сақтамау фактісін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында той жасағандарға айыппұл салынды

Өңірде карантин талабын бұзу жағдайы жиі тіркеліп жатыр. Осындай 56 дерек бойынша кемшілікке жол бергендерге 3,1 млн теңге айыппұл салынды.

Атап айтқанда, 9 тамызда облыс бойынша 15 рейд жүргізілген. Онда 55 нысан тексеріліп, карантин талабын бұзуға қатысты 12 дерек анықталды.

«Оның 12-де жеке адамдар қонақ шақырып, той жасаған. Мұндай келеңсіздіктер Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында және Қызылорда қаласында тіркелген. Ал Қызылорда қаласында орналасқан дәмхана қызметкері қорғаныш құралынсыз келушілерге қызмет көрсеткен», - деп мәлім етті облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Сондай-ақ, Қызылорда облысында Ashyq жүйесі 2021 жылдың 26 сәуірінен бастап енгізілді. Бүгінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі Ashyq жүйесі арқылы анықталған «қызыл» мәртебесі бар бірқатар адамға оқшаулану режимін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұл салды. Олар қоғамдық тамақтану орындарына, халыққа қызмет көрсету орталығына, Қорқыт ата атындағы әуежай мен теміржол вокзалына кірер кезде анықталған.

Еске салсақ, Қызылорда облысында тұрғындардың 61 пайызы вакцина салдырды.