Қызылорда облысының әкімі коронавируске қарсы вакцина салдырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қалалық №3 емханада коронавирус инфекциясына қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, өңірде алғашқы кезеңде 80 мың доза вакцина салынады деп күтілуде. Бүгінде аймаққа аталған вакцинаның 1000 дозасы жеткізілген. Қалғаны кезең-кезеңімен толықтырылады. Оған облыс орталығындағы №1, №3 және №6 емханалардан 3 егу кабинеті дайындалған. Екпе салуға облыс бойынша барлығы 133 мейірбике тартылған.

«Дәрігерлер екпеден кейін ине салынған орынға су тигізбеуге және егу орнын жылы ұстауға кеңес берді. Енді соған сәйкес әрекет ететін боламын. Дүниежүзін дүрбелеңге салған індеттің бетін тек екпе салдыру арқылы ғана төмендете аламыз. Сол себепті барша халықты екпе салдыруға шақырамын», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыста екпе егу шарасының бірінші кезеңінде медицина саласының қызметкерлеріне салынады деп жоспарланған. Оның ішінде қабылдау, жұқпалы аурулар бөлімінің, жансақтау және хирургиялық бөлім қызметкерлеріне жүргізілмек.Ал екінші кезеңде мұғалімдерге және жұқтыру қаупі неғұрлым жоғары болып саналатын мамандық иелеріне салынады.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылорда облысы әкімінің орынбасары коронавирусқа қарсы вакцина алды.

Сондай-ақ, Қызылордада бірқатар басшыларға қатерлі қауіпті вирусқа қарсы екпе салынды.



Соңғы жаңалықтар