Қызылорда облысының әкімі тұрғындар алдында есеп берді
Есеп беру жиыны Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өтті. Өзінің есепті баяндамасында Б.Қуандықов 2010 жылдың қорытындысы жайлы әңгімелеп шықты. Жыл ішінде атап өтерліктей бірқатар табыстар болды. Солардың бірқатарын аймақ басшысы былай баяндады. Есепті кезеңде өнеркәсіп саласында 774,9 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінің дамуында өсу қарқыны байқалып, 2009 жылмен салыстырғанда 48,6 пайызға артты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 44,2 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға көбейді. Нәтижесінде ет өндіру 0,8 пайызға, сүт 1,1 пайызға өсті. Барлық мал басы санының өсімі байқалды. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара - 1 пайызға, жылқы - 1,7 пайызға, түйе 2,5 пайызға ұлғайды.
Шағын кәсіпкерлік саласында өндірілген өнім көлемінің индексі 100,9 пайызды құрады. Шағын бизнес саласындағы белсенді субъектілерінің саны 12,3 пайызға артып, кәсіпорындарда жұмыспен қамтылғандар саны көбейді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 251,3 млрд. теңгені құрады немесе 2009 жылмен салыстырғанда 40,6 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 0,3 пайызға өсіп, 251,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бұдан әрі облыс әкімі облыста индустриялық-инновациялық салада атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Қазақстанның индустрияландыру Картасына облыстан құны 45 млрд. теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба енгізілді, атап айтқанда, республикалық картаға - 27,6 млрд.теңгенің 3 жобасы, аймақтық картаға - 18,2 млрд.теңгенің 10 жобасы енді. Олардың ішінен 2010 жылға жоспарланған жалпы құны 26 млрд. теңгеден асатын 11 жоба іске асырылды. Осының арқасында 400-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылды.
Индустрияландыру картасының жүзеге асырылуы өңдеу және тау-кен саласы өндірістерін дамытуға қуатты қарқын берді. Іске қосылған жол-құрылыс жобалары, оның ішінде үш қиыршықтас шығаратын, жол битумын өндіретін және асфальт зауыттары «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автожол дәлізін табысты іске асыруға елеулі үлесін қосып отыр. Бұған қоса, энергетика және мұнай-газ саласында 4 өндіріс жобасы жүзеге асырылды. Оларды мұнай компанияларының («Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» және «Торғай Петролеум» АҚ) өз қаражаты есебінен салынған «Құмкөл» кен орнында 2 қосымша газтурбиналық қондырғысы, «Кеңлік» жаңа кен орнында ілеспе мұнай газын пайдалануды ұйымдастыру» жобасы («Саутс Ойл» ЖШС), «Ақшабұлақ» кен орнындағы қуаттылығы 300 млн. текше метр газды тиімді пайдалану кешені», «Мұнай қалдықтарын және көмірсутекті шикізатты қайта өңдеу қондырғысы» («БИС» ЖШС) бар. Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге «РЗА» ЖШС-нің қуаты жылына 10,8 мың тонна сүт өнімдерін шығаратын 660 ірі қараға арналған сүт-тауарлы фермасы мен «Шапағат сүт» серіктестігінің нан зауыты секілді екі жоба бағытталған.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында жобалардың жүзеге асырылуы, шикізаттық және жұмыс күші ресурстарымен қамтамасыз етілу, жүзеге асырылып жатқан «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасын табысты іске асыруға мүмкіндік туғызуда. Оның аясында
211 шақырым жол асфальттанып, 16 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған жобалар, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық жол құрылысының жүзеге асырылуы құрылыс материалдарына қажеттілікті туғызып, өңірде кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасауда. Осы бағытта Индустрияландыру картасынан тыс, жалпы сомасы 6,6 млрд.теңгені құрайтын тағы 16 жоба жүзеге асырылып, жұмыс жасауда.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында бәсекеге қабілетті, шикізаттық емес экспортқа бағытталған шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, облыстағы екінші деңгейлі банк филиалдары, «Даму» Кәсіпкерлікті қолдау Қоры» АҚ және басқа да қаржы қорлары басшыларымен кездесулер өткізіліп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру бағыттары талқыланып, басым бағыттары белгіленді. Нәтижесінде 2 жоба мақұлданып, екінші деңгейлі банк филиалдары несие пайызын субсидиялау бағыты бойынша қаржыландырылды. Онан бөлек 2 жоба мақұлданып, осы жылға қаржыландыруға ұсынылды.
Энергетикалық кешен бойынша «Қызылорда қаласының жылуэнергия көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру» жобасының екінші кезеңі жүргізілуде. Осы мақсатқа 2010 жылға 1,4 млрд. теңге бөлініп, оған 210 шақырым төменгі қысымды газ құбырларының жұмыстары және 8 газ реттегіш пункттердің құрылыстары аяқталды. Қазіргі таңда облыс орталығының 442 көпқабатты тұрғын үйі (20850 пәтер), 11094 жеке сектордағы тұрғын үй және 345 шаруашылық нысандары ілеспе газға қосылды. Сонымен қатар, облыс орталығының қарқынды дамуын ескере отырып, облыстық бюджет қаржысы есебінен «Қызылорда қаласының өндіріс аймақтарын және жаңа тұрғын үй шағын аудандарын газдандыру» жобасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Электр қуаты тапшылығын жою мақсатында Индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалармен қатар, облыс елді мекендерін толығымен электр қуатымен қамту мақсатында жергілікті бюджет есебінен электр қуатының балама көзі - жел-күн жабдықтарын сатып алу жүргізілуде.
2010 жылы облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында 5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл қаражат есебінен Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының 5-кезеңінің құрылысы, Қызылорда қаласының ауыз су және кәріз жүйелерінің қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұдан басқа облыстық бюджет есебінен Арал-Сарыбұлақ және Жиделі топтық су құбырларына қосылған 20 елді мекендердің ішкі тарату ауыз су желілерін қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 146,4 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда құны 3,6 млрд. теңгені құрайтын 11 жоба әзірленіп, ҚР АШМ Су ресурстары комитетіне жолданды.
Соңғы 3 жылда ауыз сумен қамтамасыз етуге 19,8 млрд. теңге бөлініп, 1000 шақырымнан астам ауыз су желілері жөнделді. Нәтижесінде 218 мың тұрғындары бар 70 елді мекен сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. «Жол картасын» іске асыру нәтижесінде облыстың 8112 тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізді. Бүгінгі таңда облыстың 70 пайыздан астам елді мекендері орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды.
Коммуналдық саланы дамыту мақсатында 2010 жылға ауылдық округтерді абаттандыруға, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына 133 елді мекенге 1,0 млн. теңгеден қаржы бөлініп, оған 65 елді мекеннің көшелерін жарықтандыру, 20 елді мекеннің мәдени-демалыс орындарын жөндеу, 3 елді мекеннің су желісін жөндеу, 5 елді мекеннің төлқұжаттарын жасау, 40 елді мекеннің көшелерін жөндеу жұмыстары атқарылды. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 14 жоба іске асырылып (224,9 млн. теңге), 60,2 мың шаршы метр көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілді, 7,8 шақырым көше жарықтандырылып, 277 шамшырақтар орнатылды. Елді мекендерді аяқ сумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2010 жылы ұзындығы 134,7 шақырымды құрайтын 20 канал және 9 гидроқұрылыс жөндеуден өткізілді.
Сонымен қатар, өздігінен су бармайтын Қазалы ауданындағы «Құмжиек», Қармақшы ауданындағы «Көмекбаев» елді мекендерін аяқсумен қамтамасыз ету үшін 2 насос қондырғылары сатып алынды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде көлемі 1950 гектарды құрайтын 12650 отбасының үйіргелік жерлеріне аяқ су жеткізіліп, 20238 гектар шабындықтар мен жайылымдықтар суландырылды, су айдыны 3810 гектарды құрайтын көлдерге су құйылды.
Соңғы 3 жылда агроөнеркәсіп саласын қолдауға 5,3 млрд. теңге қаржы бөлінді. 2010 жылы ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 17,8 пайызға артып, 2,3 млрд.теңге құрады. 2010 жылы шаруашылықтардың барлық нысандары бойынша егіс көлемі 160,9 мың гектар жерге орналастырылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға артық егілді. Негізгі дақыл - күріш 77 мың гектарға себілді.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп-баптау жұмыстары агротехникалық талапқа сәйкес жүргізіліп, егін уақытылы шашпай-төкпей жинап алынды. Нәтижесінде, күріш дақылынан 1985 жылдан бергі ең жоғарғы өнімділікке қол жеткізіліп, күріш егісінің әр гектарынан 48,6 центнерден өнім алынды. 376,2 мың тонна күріш салысы жиналды. Бұл 1990 жылдан кейінгі алынған мол өнім және 2009 жылмен салыстырғанда 72,5 мың тоннаға артық.
Облыста озық технологияларды, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суару әдісін қолдану көлемі артып келеді. 2009 жылы 200 гектар көкөніс өсіріліп, орташа өнімділік гектарына 59 тоннаны құраса, 2010 жылы 200 гектар көкөніс, 14 гектар картоп және 20 гектар бақша дақылдары осы әдіспен өсірілді.
Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері барлығы 1907,3 млн. теңге несие қаражаттарын алды. Оның ішінде, бірінші рет астық қолхаты арқылы несиелендіру механизмі енгізіліп, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 396 млн.теңге несие қаражаты игерілді. Облыстың ауылшаруашылық тауарөндірушілерін қолдау мақсатында «ДамуАгроҚызылорда» корпоративтік қоры арқылы егін шаруашылығын дамытуға 55,5 млн. теңге пайызсыз қайтарымдық негізде қаржылай қолдау көрсетілді.
Аймақта мал тұқымын асылдандыру, басын көбейту арқылы мал өнімдерінің сапасын арттыруға басым бағыт беріліп отыр. Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға артты. Нәтижесінде жыл санап төрт түлік мал басының өсу қарқыны қалыптасып келеді. Қазіргі таңда облыстағы мал басының саны 1990 жылдардың үлесінде болған ең жоғарғы деңгейге жақындады.
Асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатында соңғы жылдары облыстық бюджеттен жыл сайын қаржы бөлініп, Республиканың өзге өңірлерінен асыл тұқымды 1000 бас мүйізді ірі қара, 5185 бас қой, 500 бас жылқы, 79 бас түйе әкелініп, шаруашылықтарға лизингіге беріліп, 29 орта тауарлы шаруашылықтар ұйымдастырылды.
Өткен жылы мал өнімдерін өндіретін орта және ірі шаруашылықтарды ұйымдастыру мақсатында «Қызылордаагросервис» МКК-ның айналымдағы қорынан 65,8 млн. теңге қаржы бөлініп, осы қаржыға 32 бас түйе, 200 бас жылқы және 800 бас ет бағытындағы асыл тұқымды қой малдары сатып алынып, облыстың шаруашылықтарына лизингілік негізде берілді.
Денсаулық сақтау саласы жайына келгенде облыс әкімі мыналарды тарқатып айтты. Жергілікті бюджет есебінен 8 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Атап айтқанда, Байқоңыр қаласындағы 80 төсектік перзентхана мен облыстың елді мекендердегі 7 медициналық пункттердің игілігін тұрғындар пайдалануда.
Қызылорда қаласындағы №5 емхананы кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Республикалық бюджет қаржысы есебінен Қызылорда қаласындағы 200 төсектік перинаталдық орталық және 500 келушіге арналған емхананың құрылысы жүргізіліп, биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. «Жол картасы» бойынша 13 объектіні күрделі жөндеуге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар толығымен жүргізілді. Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен №6 қалалық емхана ғимараты толығымен күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Саланың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден 40 бірлік медициналық құрал-жабдықтар алынды және алдын алу ұйымдарына 19 санитарлық автокөлік және санитарлық авиацияға құны 25 млн. теңгені құрайтын 1 дана реанимобиль сатып алынды. Өңір халқы көптен күткен құны 845 млн. теңгені құрайтын магнитті-резонансты томограф пен компьютерлі томограф алынып, оларды орналастыру үшін облыстық медициналық орталығының негізгі ғимаратына қосымша құрылыс жүргізілді. Қазіргі таңда томографтар іске қосылып, халыққа қызмет етуде. Бұл жабдықтар аурушаңдықты ерте анықтауға және емдеуге мүмкіндік береді.
Облыс тұрғындары амбулаториялық деңгейде тегін және жеңілдетілген дәрілік заттармен қамтамасыз етілуде. Есепті кезеңде амбулаториялық деңгейде 1-5 жас аралығында 33254 балалар, диспансерлік есепте тұрған 27916 бала мен жасөспірімдер, 15928 екіқабат әйелдер темір және йоды бар препараттармен, 22763 азаматтардың жекелеген санаттары жеңілдікті жағдайларда, тиісті тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді.
Облыстық медицина орталығының санавиация бөлімшесінде ана мен нәрестелерге шұғыл көмек көрсету мақсатында кеңес беру және тасымалдау бригадасы ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ана өлімі, сәбилердің шетінеу көрсеткіштері төмендеді. 2010 жылы ана өлімі көрсеткіші алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,8 пайызға төмендесе, сәбилер өлімі көрсеткіші 4,2 пайызға азайып отыр.
Өткен жылы облыстық туберкулезге қарсы диспансердің зертханасы жаңа ғимаратқа көшіріліп, жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Бактек» заманауи қондырғысы іске қосылды. Бұл дәрігерлерге ауруды тез арада анықтауға және аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, диспансердің балалар бөлімі мен реанимация бөліміне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші (диагнозы алғашқы рет қойылған жағдайлар) 31,4 пайызға төмендеді.
Ауылдарға мамандарды тарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілді. 2010 жылы ауылдық елді мекендерге әлеуметтік салаға жұмыс істеуге барған 705 маманға бір жолғы жәрдемақыға 69,8 млн.теңге төленді. Сондай-ақ, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға барған 330 маманға ынталандыру мақсатында тұрғын үй сатып алу үшін 291,6 млн. теңге несие берілді.
Облыс әкімі өзінің есепті баяндамасында бұдан әрі сонымен қатар, білім, спорт және туризм, мәдениет, әлеуметтік қамтамасыз ету салалары бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.