Қызылордада 84 жастағы қария коронавирус вакцинасын салдырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 84 жастағы қария Жұмағали Мырзағалиев коронавирус вакцинасын салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырдария ауданының тұрғыны Жұмағали Мырзағалиев 84 жасқа толды. Ол отбасымен бірге екпе қабылдап, енді тұрғындарды вакцина салдыруға шақырады.

«Менің жасым 84-те. Қызым, немерелерім дәрігер. Осы уақытқа дейін түрлі ауруға қарсы екпе қабылдап жүрген едім. Олардың қатарында тұмауға қарсы екпелерді жылда-жыл алып, дерттің бәрін еңсердім», – дейді еңбек ардагері.

Еңбек ардагері коронавирус індетіне қарсы сақтық шараларын қамтамасыз ету үшін Сырдария аудандық орталық ауруханасына келіп, өзінің және отбасысының саулығы үшін екпе қабылдаған.

«Өз отбасымда 18 жасқа толған адамның барлығы коронавирусқа қарсы егілген. Мамандар алдымен менің қан қысымымды, дене қызуымды өлшеді. Бұған дейін қабылдаған ем-домдарынды сараптап, екпе қабылдауға жарайтынымды анықтады. Сөйтіп, екпенің бірінші кезеңін алдым. Екпе қабылдағаннан кейін күту залында дәрігерлердің бақылауында болдым. Денемде ешқандай өзгеріс, кері нәтиже болған жоқ. Қазір екпеге қатысты алып-қашпа әңгіме көп. Бос сөзге сенуге болмайды. Дәрігерлердің ғана кеңесіне құлақ асқан жөн», - дейді зейнеткер.

Айта кетсек, қазір Қызылорда облысында індет жұқтырған 12 580 адам тіркелсе, оның 77 пайызы жазылды. Пневмониямен ауырған 1867 науқастың 1580-і емделіп шықты. Осы жылдың маусым-шілде айларында инфекциялық төсек-орын саны 585-тен 2340-қа дейін, ал реанимациялық төсек орын саны 90-нан 172-ге дейін көбейтілді. Қазіргі таңда жүктеме 55 пайызды құрап отыр.

Еске салсақ, Қызылорда облысында тұрғындардың 61 пайызы вакцина салдырды.



Соңғы жаңалықтар