Қызылордада адам пышақтаған жігіт елордада ұсталды
Қызылорда қаласындағы түнгі клубтың бірінде жастар арасындағы төбелес болғаны анықталды. Салдарынан қаланың 19 жастағы тұрғыны пышақ жарақатымен облыстық медицина орталығына түскен.
«Бұл жөнінде Қызылорда қалалық Полиция басқармасы кезекші бөліміне хабарланды. Аталған дерек негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы, 99-бабының 2-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша іс тіркелді. Іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 24 жастағы тұрғынның Нұр-Сұлтан қаласында екені анықталды. Облыстық Полиция департаменті қалалық Полиция басқармасы жедел уәкілдерімен бірлесіп, қылмыстық қудалау органынан жасырынып жүрген күдіктіні елордада жалдамалы пәтерде қолға түсірді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында 6 млн теңгенің ұялы телефондары ұрланғанын хабарлағанбыз.