Қызылордада интернет арқылы алаяқтық жасайтындар көбейді
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ақпараттық технологияны пайдаланып алаяқтық жасағандар көбейіп барады. Жыл басынан бері мұндай 93 дерек тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Оның 12-сі бойынша қылмыстық істер айыптау актісімен сотқа жолданды. Ал бесеуі тараптардың өзара ымыраласуына байланысты тоқтатылды. Қалғандары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылар ғаламтор желісіндегі интернет-дүкен қызметін пайдаланатын тұрғындарды алдайды. Олардың қаражатын жымқырып, бас пайдасына жаратады. Алдау жолымен жәбірленушілердің жеке куәлік нөмірін, депозит есеп-шоттарының және банкомат карточкасының нөмірін алады. Осы деректерді ұялы телефонмен ғаламтор желісі арқылы несие беруші компанияларға жіберіп, несие рәсімдейді. Ал ақшаны өздері ашқан есеп-шоттарға аудартып, бас пайдасына жаратады.
«Тұрғындардан алаяқтардың құрбанына айналмас үшін сақтық шараларына мұқият болуы сұраймыз. Қарапайым ғана ұқыптылықты ұстану керектігін ескертеміз. Сонымен қатар, алаяқтық дерегі орын алған жағдайда тез арада полицияға хабарласуы тиіс», - деді департамент мамандары.