Қызылордада коронавирус жұқтырғандар саны өсті - тұрғындарға үндеу жарияланды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында соңғы бес күнде коронавирус инфекциясына байланысты ауру көрсеткіші едәуір өсті. Осыған байланысты Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова жергілікті тұрғындарға үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысында соңғы 5 күнде ауру көрсеткіші едәуір өсті. Күн сайынғы вирус жұқтыру қарқыны артып келеді. Өткен тәуліктің өзінде 27 жағдай тіркелген. Бұл - жыл басынан бері орын алған бір күндік ең жоғарғы көрсеткіш.

«Бүгінгі күні облыс бойынша коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны 4071-ге жетті. Оның 3% сырттан тасымалданған болса, 56% скринингтік тексеру нәтижесінде анықталған, 41% қарым-қатынас арқылы жұқтырған жағдайлар.

Ауру көрсеткіштерінің өсуі Наурыз мерекесі күндерінен кейін орын алуда. Бұл күндері карантин талаптарына қарамастан мерекелік корпоративтер, жасырын той-жиындар жасап, шектеу шараларын бұзудың салдары деп болжанады. Карантинге алынып, үй-жағдайында оқшауланған адамдар мен оларға күтім жасайтын адамдардың да сақтық шараларына салғырт қарауы жағдайды ушықтыруда. Себебі вирустың адамға әсер ету жылдамдығы жоғары. Оның үстіне вирустың мутацияланған жаңа штамдарының белсенділігі әлем бойынша артып келеді», - деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, қазір Қызылорда облысы «жасыл» аймақта тұр. Дегенмен арқаны кеңге салып, бейғам отыруға болмайды. Керісінше сақтық шараларын әлсіретпей, күшейту қажет екендігін тағы да ескерткім келеді. Ойын-сауық іс-шараларын, көрмелерді, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық салтанатты, естелік іс-шараларын, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.

«Бетперде киюге, жеке гигиена ережелерін, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтауға, дене қызуы көтеріліп, жөтел және тыныс алу қиындаған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге шақырамын. Ата-аналарға күн сайын балаларға сақтық шараларының маңыздылығын түсіндіріп отыруды сұраймын.

Төртінші тоқсаннан бастап білім беру дәстүрлі форматқа көшірілді. Мектеп оқушылары арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында шектеу шаралары, оның ішінде карантин кезінде білім беру ұйымдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар белгіленді. Бұл талаптар әрбір мектепте бұлжытпай орындалуы тиіс.

Әрбір тұрғын мамандар кеңесіне құлақ асып, карантин талаптарын орындаса инфекцияның да таралуынтаратпауға мүмкіндік болады. Жауапкершілік пен қауіпсіздік – ортақ», - деді Динара Жаңабергенова.

Айта кетейік, Қызылордада 5 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдады.



Соңғы жаңалықтар