Қызылордада қылмыскерді ұстауға көмектескен азамат марапатталды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасында қылмыскерді ұстауда батылдық танытқаны үшін облыс тұрғыны 43 жастағы Абылай Әлиев алғыс хатпен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға биылғы 15 наурызда болған еді. Қызылорда ҚПБ-нің кезекші бөліміне тонау туралы хабарлама келіп түседі. Бірнеше минуттан соң оқиға орнына тергеу тобы барды.
Келеңсіз жағдай былайша өрбіген. Жәбірленуші жұмыстан қайтып келе жатқан сәтте оның артынан бір белгісіз азамат шабуыл жасаған. Оған күш қолданып, сөмкесін, ұялы телефонын тартып алған. Содан кейін күдікті ізін суытады.
Жәбірленуші сол жерде өтіп бара жатқан азаматқа көмекке жүгінді. Ол өз кезегінде қарақшының қуып ұстап, дереу полиция қызметкерлерін шақырады. Ерлік жасаған азамат облыс орталығының 43-жастағы тұрғыны Абылай Әлиев болып шықты.
Өз кезегінде А.Әлиев басқарма басшылығына елеп, құрмет көрсеткені үшін алғысын білдірді және әр адамның азаматтық ұстанымын танытып, бір-бірін қорғауы тиіс екенін айтты.