Қызылордада мас күйінде көлік ұрлап, жол апатын жасаған адам қолға түсті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада мас күйінде көлік ұрлап, жол апатын жасаған адам қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қалалық полиция басқармасына 39 жастағы жергілікті тұрғын хабарласты. Ол ауласында тұрған Opel Astra маркалы автокөлігінің ұрланғанын айтып шағымданған. .
«Жедел басқару орталығынан полицейлерге тапсырма берілді. Нәтижесінде «Тосқауыл» іс-шарасы аясында аталған автокөліктің қала көшелерінің бірінде жол ережесін өрескел бұзып жүргендігі анықталды. Оған қоса жол-көлік оқиғасы жасалған. Полиция қызметкерлері 30 жастағы қала тұрғынын ұстады. Тексеру барысында жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізгені белгілі болды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында кәсіпкерден ақша бопсалаған төрт адам ұсталды.