Қызылордада өрістегі малды атып алып кеткен қылмыстық топ қолға түсті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында жайылымда жүрген малды атып алып кеткен қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада өрістегі малды атып алып кеткен қылмыстық топ қолға түсті

Қылмыстық топ 2018 жылдың соңғы айларынан бастап жайылым мен қоралардан мал ұрлап келген. Олар жайылымда жүрген малды атып алатын болған. Сондай-ақ, сойылған малды облыс орталығындағы жеке кәсіпкерлерге арзан бағамен етке өткізіп отырған.
«Аталмыш қылмыстық топтың үстінен жәбірленуші 4 азаматтан арыз келіп түсті. Тұрғындар 3 жылқы, 2 сиыр ұрланғанын айтып шағымданған. Жергілікті тұрғындарға 1,5 млн теңге шамасында шығын келген. Жедел іздестіру шаралары барысында Жалағаш ауданында тұратын 6 жігіт қолға түсті. Күдіктілердің жасы 22-31 аралығында. Топ мүшелері қылмыстарын толық мойындады», - делінген Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. null

Олардың тұрғын үйлеріне жүргізілген тінту барысында заңсыз сақталған 12 және 16 калибрлі ұңғылы мылтықтары және етті тасыған автокөлік тәркіленді. Енді олар мал ұрлығы қылмысынан бөлек заңсыз қару сақтағаны үшін де жауапкершілікке тартылады.
Қызылорда облысында «Мал ұрысы» іс-шарасы барысында полиция 13 мал ұрлығын ашты.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Қызылордада 5 млн теңге ұрлаған тұрғын сотталғанын хабарлаған едік. null