Қызылордада тамыз айының 24 күнінде 4422 адам коронавирус жұқтырды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚвзАқпарат - Қызылорда облысында тамыз айының 24 күнінде 4422 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде тіркелген жағдайды таразылағанда қатерлі індет барлық жастағылар арасында өскенін аңғаруға болады. Өткен жылмен салыстырғанда ол 14 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде бір жасқа дейінгі сәбилер арасында өскен. Бұл ерекшеліктер мутацияланған «Дельта» штамының вируленттік және жұқпалылық қасиеттерінің жоғары болуы салдарынан туындаған. Оның жұғу деңгейі өте жылдам, оны тәжірибе көрсетіп отыр. Сондай-ақ, ауруды жас ерекшелігіне сәйкес талдағанда жұмыссыздар, зейнеткерлер арасында көбейгені аңғарылады.
«Биыл аурушаңдық саны наурыз айындағы мерекелік күндерден кейін көбірек байқалды. Сәуір айында ауру саны жоғарылады. Мұндай көрініс шілде айында да көрініс беріп, барлығы 3387 жағдай тіркелген. Ал тамыз айының 24 күнінде 4422 адам коронавирус жұқтырған. Шілде айының екінші жартысынан бастап қатерлі дертке шалдыққандар саны күн сайын 100 адамды маңайлады. Айта кетерлігі, 29 шілдеден бастап ол 200-дің үстіне шығып кетті. Мұндай жағдай былтырғы пандемияның кезінде болған емес. Дәл сол уақытта ең көп ауру тіркелгендер саны 118-ді құрады. Сондықтан қазір өңірде эпидемиологиялық ахуал өте күрделі», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Сондай-ақ, Қызылорда облысында екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 65,9%-ы вакцина салдырды.