13:32, 22 Тамыз 2022 | GMT +5
Қызылордалық жасөспірім құдыққа құлап кеткен сәбиді құтқарды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада 15 жастағы жасөспірім кәріз құдығына құлап кеткен 2 жастағы сәбиді құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Қызылорда қаласындағы орталық көшелердің бірінде болды. 2007 жылы дүниеге келген Арман Аманжолов облыс орталығындағы колледжге оқуға түсуге құжат тапсыруға келген.
Көшеде келе жатқан сәтінде сәбидің кәріз құдығына құлап кеткенін байқаған. Ойланбастан құдыққа түсіп, баланы сыртқа алып шықты.
«Сол сәтте баланы құтқарудан басқа ойым болған жоқ. Сәбидің аман-есен қалғанына қуаныштымын», - дейді ол.
Арал аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, жасөспірім Бөген ауылында №20 З.Шүкіров атындағы орта мектепте тәлім алған. Көпбалалы отбасында дүниеге келген ол жастайынан ата-анасының қолғанаты, бауырларына қамқоршы болып өскен.