«Қызылжар» төрт турдан кейін жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде петропавлдық «Қызылжар» төрт турдан кейін жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызылжар» төрт турдан кейін жеңіске жетті

Петропавлдық команда бүгін, 2 шілдеде 13-турдың кейінге қалдырылған кездесуінде өз алаңында Алматының «Қайратын» қабылдады.

Өткен турда «Қызылжар» аталған қарсыласынан 0:3 есебімен жеңіліп қалған еді.

Сол кеткен есені олар бүгінгі ойында қайтаруға тырысты. Алғашқы минуттан қарсыластар қақпасына шабуылды үдете түсті.

Нәтижесінде олардың қатарынан Максим Чиканчи 7, Евгений Березкин 17- минуттарда мергендік танытты.

Оған «Қайрат» сапынан 61-минутта Әділет Сәдібеков бір голмен жауап қайырды.

Осылайша «Қызылжар» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Турнир кестесінде «Қайратты» артқа тастап, төртінші орынға көтерілді.

Енді 14 турда 20:00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Атырау» (Алматы), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Ақсу» (Павлодар облысы) кездеседі.

Сондай-ақ, 13-турдың кейінге қалдырылған тағы бір ойынында 19.00-де «Каспий» (Ақтау) мен «Астана» ойнайды.

Еске салсақ, 1 шілдеде өз алаңында «Мақтарал» «Ақтөбеден» - 1:2, «Жетісу» «Шахтерден» - 1:3, «Қайсар» «Оқжетпестен» 0:1 есебімен жеңілді.