Лаңкестерге қаймықпай, қарсы тұрған Б.Қалиевті жерлестері қадір тұтады - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғанындай, 5 маусым - жексенбі күні Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік әрекеттер кезінде осындағы 6655-әскери бөлімде келісімшартпен қызмет етіп жүрген кіші сержант Берікжан Қалиев те қарулы топқа қаймықпай қарсы тұрып, ерлікпен қаза тапты.
None
None

Қапияда мерт болған Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туып-өскен 37 жастағы Б.Қалиев 8 маусым күні Жақсыбай ауылында жерленіп, оған облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған өңір жұртшылығы қатысты. «Бұл қайғылы жағдайды естігенде, бәріміздің қабырғамыз қайысты. Бүгінгі таңда бүкіл ел қайғырып отыр. Қимас азаматтан айырылып тұрмыз. Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген екен. Берікжан сіз бен біздің тыныштығымыз үшін, тәуелсіздігіміз үшін жанын пида қылды. Батыр азаматтың, оны өмірге алып келген ата-анасының, тума-туыстарының, осы елдің алдында басымызды иеміз. Ол ұрпаққа ұран болатын ерлік көрсетті. Ел мен ер - егіз ұғым. Ел батырларды тәрбиелейді. Сын сағаты туған кезде батырлар елін қорғайды. Елге қауіп төнген сәтте Берікжан Ерланұлы қайсарлық танытып,  Отанын қорғау жолында жанын қиды. Әрине, барлық қиындықты ел көтереді. Бірақ, кінәлі адамдар жазасын тартады. Ол үшін мемлекет, заң бар. Мұндай қиын жағдайда бірлігімізді, ынтымағымызды көрсетуіміз қажет. Сабырлылық танытайық. Елбасымыз қаза тапқан азаматтардың отбасылары назардан тыс қалмасын деп арнайы тапсырма берді. Соған сәйкес Берікжан Қалиевтің шаңырағы мен ұл-қыздарына көмегімізді көрсетеміз», - деді әкім.

Қаралы рәсімге Ақтөбеден арнайы келген ҚР Ұлттық ұланына қарасты 6655-әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Бақберген Әнешевтің айтуынша, әскери бөлімге шабуыл жасаған қарулы топтың мақсаты қару-жарақ қоймасына ену болатын. Әскери бөлімнің қарауылы қаскөйлерге тойтарыс беріп, олардың көздеген мақсатына жетуіне кедергі болды. Үш қызметкер сол жерде ерлікпен қаза тапты. Соның бірі атқыштар батальонында әскери қызмет атқарған кіші сержант Берікжан Қалиев еді. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан қолбасшылығы тарапынан қаза тапқандар отбасына материалдық жәрдем көрсетілуде. Сонымен қатар олар мемлекеттік марапаттарға ұсынылмақшы.

Ауылдастарының сөзіне қарағанда, Берікжан көп балалы отбасында өсті. Әкесі Ерлан өмірден ерте кеткенімен, анасы Гүлжиян бәріне қамқоршы бола білді. Берікжанның өзі де жан жары Нұрсұлумен бірге екі ұл, қос қызын қатарынан кем қылмай, тәрбиелеп келе жатқан-ды. Амал не, ғұмыры қысқа болды есіл ердің.

Б.Қалиевтің сынып жетекшісі, зейнеткер-ұстаз Бақытжан Елеусінованың мәлім еткеніндей, Берікжан кішкентай кезінен өте жинақы, тәртіпті, ұқыпты бала болды. Спортқа жаны құмар еді. Күрес және волейболмен шұғылданды. «Елбасымыз Ақтөбедегі лаңкестер әрекетіне тиісті бағасын беріп, Ұлттық аза тұту күнін жариялап, енді біз қыршын кеткен азаматтарымызды еске алудамыз. Солардың ішінде Берікжанымыз да әскери борышын өтеу кезінде қылмыскерлерге қасқайып қарсы тұрып, ерлікпен қаза тапты. Соңында қалған ұл-қыздары өсіп-жетілсін. Жан жары, ағайын-тумалары аман болсын. Ұрпақтары әкесі сияқты елін сүйгіш, патриот азамат болып өссін. Осындай қазағымның батыр ұлдары барда елімізді ешбір жау ала алмайды. Ең бастысы, бірлігіміз бен елдігімізге бекем болайық», - деді Б.Елеусінова.

Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиннің ойынша, Берікжанныңбейбіт өмірдегі ерлігі жеткіншек ұрпаққа үлгі-өнеге болары хақ. Оның батырлығын дәріптеу арқылы жеткіншек ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеу бағытында аудандағы білім ордаларында сынып сағаттары ұйымдастырылады, басқа да шаралар қолға алынады. Ердің есімін мәңгі ел есінде қалдыру - кейінгілерге парыз. Тәуелсіз еліміздің тыныштығын сақтау бағытында нақты іс-шаралар жалғаса беретін болады.

Соңғы жаңалықтар