Ластанған ауа — есте сақтау қабілетінің басты жауы

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы отыз жылда дүниежүзінде деменцияға шалдыққандар саны үш есеге артып, 150 миллионнан аса адамды қамтуы мүмкін, деп жазды АЗӘРТАДЖ.

Ластанған ауа — есте сақтау қабілетінің басты жауы
Фото: pixabay.com

Ұлыбританиялық ғалымдардың жаңа зерттеуі көрсеткендей, экологиялық факторлар, әсіресе ластанған ауа, Альцгеймер ауруының даму қаупін айтарлықтай арттырады — бұл әсіресе дамыған елдерде байқалады.

АЗӘРТАДЖ шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, ауа ластануы мен нейродегенеративті аурулар арасындағы байланыс бұрын да бірнеше зерттеулерде қарастырылған, алайда нақты себеп-салдарлық байланыс дәлелденбей келген. Енді зерттеушілер 29 миллионнан астам адамды қамтыған ірі мәліметтер жиынтығын талдап, экология мен деменция арасындағы байланысты растап отыр.

Мета-анализге Солтүстік Америка, Еуропа, Азия және Австралия елдерінен 51 зерттеу енді. Ғалымдар деменция қаупін арттыратын ауа ластануының үш түрін анықтады, деп жазады Science Daily.

Бірінші түрі — PM2.5 (2,5 микрон немесе одан да кіші қатты бөлшектер). Бұл бөлшектер автокөлік шығарындыларынан, электр станцияларынан, өнеркәсіптік өндірістерден, ағаш жағатын пештер мен каминдерден, сондай-ақ құрылыс шаңынан пайда болады.

Екінші түрі — азот диоксиді (NO2), ол қазба отынын жағу кезінде түзіледі. Ол дизель автокөліктері мен өндірістік шығарындыларда, газ плиталар мен жылытқыштарда болады. Жоғары концентрациядағы азот диоксиді тыныс алу жүйесін тітіркендіріп, өкпе функциясын әлсіретеді және демікпе сияқты ауруларды асқындырады.

Үшінші түрі — күйе. Ол да автокөлік газдары мен ағаш жағу кезінде пайда болады. Күйені жұтқанда ол терең өкпеге еніп, тыныс алу ауруларын қиындатып, жүрек ауруларының қаупін арттырады.

Ғалымдар мынадай уәжге келген:

  • PM2.5 концентрациясы әрбір 10 мкг/м³ артқанда деменция қаупі 17%-ға жоғарылайды. Мысалы, 2023 жылы Лондон орталығындағы жолдарда PM2.5 деңгейі орта есеппен 10 мкг/м³ болған.

  • NO2 (азот диоксиді) әрбір 10 мкг/м³ артқанда қауіп 3%-ға өседі. 2023 жылы Лондон орталығында бұл көрсеткіш 33 мкг/м³ болған.

  • Күйе бөлшектері (PM2.5 құрамында) әрбір 1 мкг/м³ артқанда қауіп 13%-ға жоғарылайды. Ұлыбритания қалаларында бұл деңгей 1–1,5 мкг/м³ аралығында.

Зерттеушілердің айтуынша, ауадағы ластанған бөлшектер мидың тотығу стрессіне және қабынуға ұшырауына себеп болады. Сонымен қатар, өкпе арқылы қан жүйесіне еніп, жергілікті қабыну тудырады.

Айта кетсек, бұған дейінгі бір зерттеуде ластанған ауаның ерлерде белсіздік қаупін арттыратыны дәлелденген. Әйелдерде бұл қауіп қала шуының әсерінен пайда болған.

Ал бұған дейін Қытай ғалымдары Nature Sustainability журналында мақала жариялап, ауаның ластануы жүктіліктің алғашқы үш айында түсік тастау қаупін арттыратынын жазған еді.

Соңғы жаңалықтар