Іле Алатауы ұлттық паркі 30 жылда ілбіс санын төрт есе көбейтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Биыл Іле Алатауы ұлттық паркі 30 жылдығын атап өтіп жатыр. 1996 жылы құрылған парк сол кезде 164 450 гектар аумақты қамтыса, бүгінде оның көлемі 200 160 гектарға жетті. 30 жыл ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақ 35 710 гектарға ұлғайған. 

ілбіс
Фото: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

1996-2025 жылдар аралығында ұлттық парк аумағында 1 637 гектар жерге 5 010 000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Қылқанжапырақты және жапырақты ағаш түрлерін өсіретін жеті уақытша тәлімбақ жұмыс істейді.

30 жыл ішінде сирек және жойылып кету қаупі бар жануарлар саны айтарлықтай артқан:

• Ілбіс — 5-10 дарақтан 39 дараққа дейін;
• Қоңыр аю — 15-20 дарақтан 85-ке дейін;
• Тас сусары — 100-ден 493-ке дейін;
• Бүркіт — 50-ден 97 дараққа дейін өсті.

Парк аумағында екі генетикалық резерват құрылған. Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасының клон мұрағаты сақталып, генетикалық қорды қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2024 жылы ұлттық парктер арасында алғаш рет in-vitro зертханасы ашылып, сирек, эндемик және реликт өсімдіктерді жасанды ортада көбейту басталды. Сонымен қатар Ботаника және фитоинтродукция институтымен бірлесіп Сиверс алмасын зерттеудің 5 жылдық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, 1996 жылы паркке 27,4 мың адам келсе, 2025 жылы келушілер саны 945,9 мың адамға жетті. Бұл — 34,5 есе өсім. Ал туристік маршруттар саны 8-ден 46-ға дейін артты. Алдағы үш жылда тағы 30 жаңа бағыт ашу жоспарда бар.

Еске салайық, бұған дейін Іле Алатауын мекендейтін ілбістер видеоға түсіп қалғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум