ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмей ме
АСТАНА. KAZINFORM - ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмей ме? Бұл сауалға бүгін Сенаттың жалпы отырысында Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова жауап берді.
Отырыс барысында сенатор Сергей Ершов дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насхиттауға тыйым салуға қатысты қоғамда қызу пікірталас жүріп жатқанын айтты.
— Палатаға азаматтардан да, әртүрлі үкіметтік емес ұйымдардан, оның ішінде халықаралық ұйымдардан да өтініштер келіп түсіп жатыр. Ол өтініштерде қарастырылып отырған норма Қазақстан қабылдаған адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерге қайшы келеді деген ұстаным айтылған. Осыған байланысты уәкілетті органдардан сұрақтарыма жауап беруін сұраймын. Мәдениет және ақпарат министрлігіне: сіздердің тараптан ҮЕҰ-лермен, оның ішінде халықаралық ұйымдармен аталған норманың мақсаттары мен міндеттері жан-жақты түсіндірілетін түсіндіру жұмыстары немесе кездесулер өткізілді ме? Сондай-ақ бұл заң қабылданғаннан кейін қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіледі? Ал Әділет министрлігінен осы норманың Қазақстан ратификациялаған адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес келмейді деген жекелеген пікірлерге құқықтық баға беруді сұраймын, — деді депутат.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің айтуынша, түзетулерді талқылау барысында барлық кезеңде адам құқықтарының іргелі қағидаттары, сондай-ақ Конституция мен елдің халықаралық міндеттемелеріне сәйкестігі сақталған.
Оның атап өтуінше, 2024 жылдың маусым айынан, петиция порталда талқылана бастаған сәттен-ақ жұмысқа салалық ҮЕҰ-лермен құқық қорғау ұйымдары тартылған. Отырыстар ашық әрі транспарентті форматта өткен.
— Одан кейін түрлі алаңдарда кездесулер өткіздік. Атап айтқанда, маусым айында БҰҰ-ның Еуропалық кеңсесінде әмбебап мерзімді есепті қорғау барысында осы заң нормалары сарапшыларға түсіндірілді. Сонымен қатар Әділет министрлігінің жанында ЕО-мен бірлескен жұмыс тобы бар. Сол алаңда да бұл нормаларды әріптестерімізбен талқыладық. Бұдан бөлек, Азаматтық форум барысында әртүрлі министрліктер базасында, оның ішінде Әділет министрлігімен де арнайы алаңдар ұйымдастырылып, ҮЕҰ-лермен кездесіп, осы мәселені талқыладық. Яғни бұл нормаларды түсіндіруде кемшілік болған жоқ. Ал болашаққа келсек, егер бұл нормалар Сенатта мақұлданса, оларды ашық талқылауға қажеттілік бар екенін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Өйткені құқық қолдануға қатысты бірқатар сұрақтар бар. Барлық талқылау барынша ашық өтетініне сендіргім келеді, — деді Евгений Кочетов.
Ал Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Қазақстанның бірқатар халықаралық шарттарға, оның ішінде пікір білдіру еркіндігіне белгілі бір шектеу қоюға жол беретін Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактке қатысушы екенін мәлім етті.
— Бірақ бұл аталған пактінің 19-бабының 3-тармағында көзделген. Алайда мұндай шектеулер міндетті түрде заңмен бекітілуі және мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, адамгершілік пен денсаулықты қорғау мүдделерінен туындауы тиіс. ЛГБТ-ға тиесілілік мәселесіне қатысты айтар болсам, бұл Қазақстан заңнамасы бойынша да, халықаралық заңнама бойынша да құқық бұзушылық болып саналмайды. Ол үшін жауапкершілік белгілемейміз. Бұл тек ЛГБТ-ны жария түрде насихаттауға қатысты. Қорытындылай келе, бұл норма Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келеді, — деп түйіндеді вице-министр.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында өскелең ұрпақты дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттаудан қорғайтын Заң бірінші оқылымда мақұлданды.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заң нормасына қатысты пікір білдірген еді.