Лифтідегі қайғылы оқиға: Журналистің туыстары кінəліні соттауды сұрады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық сотында журналист Айзат Әбдісаматтың ісіне қатысты сот отырысы өтті. Жәбірленуші тарап айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лифтідегі қайғылы оқиға: Журналистің туыстары кінəліні соттауды сұрады

Айзат Әбдісамат лифт істен шыққан кезде бірінші мен екінші қабаттың арасында қыстырылып қалып, ауа жетпей қаза болған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, прокурор сот-медициналық сараптама қорытындысын жариялап, лифтінің техникалық ақауы болғанын, жауапты адамдар жұмысына салғырт қарағанын жеткізді. 

Ал Айзат Әбдісаматтың күйеуі Қайыржан Ерқасымов айыпталушыларды заң аясында жазалап, бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сот отырысына марқұм Айзат Әбдісаматтың анасы Айша Төлемісова қатысып, ешқандай моральдық шығын сұрамайтынын жеткізді.

«Лифт жөнделмегендіктен, 28 жастағы қызым қыршынынан қиылды. ПИК басшылығы жауапкершілікті өз мойнына алмағандықтан, қайғылы оқиға тіркеліп отыр. Мұндай жағдай ешкімнің басына түспесін. Соттан әділ жаза күтемін. Өзім лифтіні тексеретін, жөндеуді міндетіне алған ПИК басшылығы жауап беруі тиіс деп есептеймін. Маған моральдық шығын керек емес. Өлімге кінәлі адам жауап беруі тиіс. 3 жастағы баланы «мама» деген сөзді айта алмайтын жағдайға жеткізді. Өлімді көрген сәби анасын сұрамайды. Жауапты адамдар міндетті түрде бас бостандығынан айырылуы тиіс»,- деді Айша Төлемісова.

Сот отырысы кезінде айыпталушы Кенен Жанабеков те жауап берді. Ол лифтіні жөндеу жұмыстары жеке адамға тапсырылғанын, жөндеу жұмыстарынан соң тексермейтінін жеткізді.
null 

Айта кетейік, қазіргі уақытта қайғылы оқиға тіркелген лифт іске қосылған жоқ. Арнайы комиссия техникалық талаптар, жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік сақталмағанын анықтады. Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызмет көрсету» бабы бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.

Еске салсақ, қайғылы оқиға осы жылдың 4 сәуірі күні Ақтөбе қаласының 12-ықшамауданында болды. Өзінің 3 жастағы қызымен бірге лифтіге мінген 28 жастағы келіншектің денесі қабаттар арасына қыстырылып қалған.