Лицензиялық турнир: Нұрбек Оралбай қарсыласын жарыс жолынан тайдырды

АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Бусто-Арсицио қаласындағы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынып жатқан турнирде бүгін қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай екінші жеңісіне қол жеткізді.

Жеңіс
Фото: Бокс федерациясы

Атап айтсақ, 80 келідегі қазақстандық әлем чемпионы Нұрбек Оралбай 1/16 финалда Того мемлекетінің спортшысы Прева Падабадиді 5:0 есебімен ұтты.

Қара күштің иесі Прева Падабади ауыр соққыларға иек артқанымен, тәжірибелі жерлесіміз техникалық шеберлігімен айласын асырып кетті.

Енді, 1/8 финалда Нұрбек Оралбай қарсыласын алғашқы раундта құлатқан 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алексей Алфёровпен жұдырықтасады.

Бұл Нұрбектің аталған турнирдегі екінші айқасы ол алғашқы жекпе-жегінде гаитилік Кедрик Белони-Дулиепрені жеңген еді.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Наталья Богданова алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.

Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып жатқан турнир 3 наурызда басталған болатын. Жарыс 12 наурыз күні мәресіне жетеді. Аталған турнирде ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынуда. Қазақстан құрамасынан ерлерден 6, әйелдерден 5 боксшы жолдамаға таласып жатыр.

Кешкі сессия:

19:30

50 кг. Алуа Балқыбекова - Клавдия Тотова (Чехия)

20:30

57 кг. Махмұд Сабырхан - Саравут Суктет (Тайланд).

 

Соңғы жаңалықтар