Ливан президенті Жозеф Аун Израильдің әуе соққыларын қатаң сынға алды

АСТАНА. KAZINFORM — Ливан бағытындағы ахуал қайтадан шиеленісе түсті. Жағдайды одан әрі ушықтырмауға бағытталған талпыныстар жүріп жатқан тұста, саяси деңгейде қатаң мәлімдемелер жасалды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Ливан президенті Жозеф Аун Израильдің әуе соққыларын қатаң сынға алды
Фото: MTV Lebanon

Ливан президенті Жозеф Аун сейсенбі күні Израильдің елдің оңтүстігі мен шығысындағы бірқатар елді мекендерге, сондай-ақ Сайда қаласына жасаған әуе соққыларын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, бұл әрекеттер жағдайды тұрақтандыруға және қақтығыстың өршуіне жол бермеуге бағытталған күш-жігерді жоққа шығарады. Бұл мәлімдеме сейсенбі күні Ливан президенті әкімшілігінің ресми хабарламасында жарияланды.

Жозеф Аунның бұл сыны Израиль дүйсенбі күні Ливанның оңтүстік және шығыс аймақтарына бірқатар соққы жасағаннан кейін айтылды.

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде әуе соққылары барысында «Хезболла» және ХАМАС ұйымдары пайдаланған инфрақұрылым нысандары жойылғанын хабарлады. Израиль әскери күштерінің айтуынша, соққыға ұшыраған нысандардың қатарында қару-жарақ қоймалары, әскери объектілер (оның ішінде жерасты нысандары), сондай-ақ Ливанның оңтүстігінде орналасқан ХАМАС-тың өндірістік қуаттары бар.

Израиль армиясы аталған нысандардың азаматтық аудандарда орналасқанын, алайда соққылар алдында бейбіт тұрғындарды эвакуациялау қажеттігі туралы ескертулер таратылғанын атап өтті. Сонымен қатар, израиль тарапы бұл топтардың әрекеттері атысты тоқтату жөніндегі келісімдерді бұзып отыр деп мәлімдеді.

Ливан президенті Жозеф Аун Израильдің әуе соққыларын қатаң сынға алды
Фото: Muntasser Abdallah \ LOrient Today

Ливан президенті әкімшілігінің мәлімдемесінде шабуылдар атысты тоқтату тетігі жөніндегі комиссияның жоспарланған отырысы қарсаңында жүзеге асқаны атап өтілген. Бұл комиссия Ливанның оңтүстігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қалпына келтіру, сондай-ақ әскери қимылдарды тоқтату жолдарын қарастыруы тиіс еді.

Кездесу күн тәртібіне Израиль күштерінің оңтүстік шекараға қарай шегінуі, ливандық тұтқындарды босату және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1701-резолюциясына сәйкес Ливан қарулы күштерін толық орналастыру мәселелері енгізілген.

— Израильдің жалғасып жатқан соққылары Ливанның бұл бастамаларға белсенді қатысуына және үкіметтің Литани өзенінің оңтүстігіндегі аймақта өз билігін нығайту үшін қабылдаған шараларына қарамастан, жағдайды ушықтырмауға бағытталған жергілікті, өңірлік және халықаралық деңгейдегі барлық күш-жігерді әдейі бұзуға бағытталған, — делінген президент мәлімдемесінде.

Құжатта бұл шаралардың Ливан армиясы тарапынан кәсіби стандарттар мен халықаралық міндеттемелерге сай жүзеге асырылғаны ерекше атап өтіледі.

Ливан президенті халықаралық қауымдастықты Израиль соққыларын тоқтату үшін белсенді араласуға, сондай-ақ тараптардың келісімі мен халықаралық қолдау жағдайында атысты тоқтату тетігі жөніндегі комиссияның жұмысына жағдай жасауға тағы да шақырды.

Бұған дейін Израиль Ливанның оңтүстігінде «Хезболла» нысандарына соққы жасағанын жаздық.

БҰҰ-ның 1800-ден астам бітімгері Ливанның оңтүстігінен кетті. БҰҰ Ливандағы бітімгерлер санын қысқартуды бастады.

Израиль Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболла» қару-жарақ қоймаларына шабуыл жасады.

Соңғы жаңалықтар