Ливандағы атыс тоқтатылды: тұрғындар елдің оңтүстігіне оралып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль мен «Хезболла» арасындағы атысты тоқтату келісімі сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 4:00-де АҚШ пен Францияның делдалдығымен жасалған келісім қабылдағаннан кейін күшіне енді. Сәрсенбі күні таңертең әскерилер ливандықтарға ауылдарына оралмауын ескертуіне қарамастан, көліктер легі Ливанның оңтүстігіне қарай ағылды. 

Jamil Gaith / Х
Фото: Jamil Gaith / Х

Бұл келісім 2023 жылдың 7 қазанында Израиль оңтүстігіндегі ХАМАС шабуылынан кейін Хезболла бастаған 14 айлық шайқасқа нүкте қойды. 

Сейсенбі күні кешке Израильдің әскери-саяси кабинеті келісімді қолдап, дауыс берді. Ол 60 күндік өтпелі кезеңді қамтиды. Сол аралықта Израиль қорғаныс күштері Ливанның оңтүстігінен өз әскерлерін шығарады және Ливан армиясы Литани өзенінің оңтүстігінде 5 000-ға жуық әскерді, соның ішінде Израильмен шекарадағы 33 бекетте орналастырады. 

Израиль-Ливан шекарасындағы қақтығысты тоқтатуға уәде берген келісім Джо Байден әкімшілігінің кейінгі кездегі басты жетістігі саналып отыр. 

— Күш диалог пен келіссөздерге жол беруі керек. Ливанда бұған қол жеткізілді, енді Газа секторында мүмкіндігінше тезірек болуы керек, - деді Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Franceinfo радиосына берген сұхбатында. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ливан мен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісімі күшіне енгенін хабарлаған едік.