Ливерпульдегі жетістікке тоқмейілсуге болмайды – ҚБФ президенті
АСТАНА. KAZINFORM – Ливерпульдегі жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп айтты.

- Өздеріңізге белгілі, жақында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ливерпульде топ жарған спортшыларымызды қабылдап, жылы лебізін білдірді. Мемлекет басшысы: «Елімізде бокстың әлеуеті зор. Оны әлемдік спорт қауымдастығы да мойындайды. Дарынды спортшылар өте көп. Олардың ішінде әлем чемпиондары да аз емес. Осы бағытта жүйелі жұмыс жалғастыруымыз қажет. Боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеруіміз керек», - деген еді. Бұл – біз үшін маңызды қадам, өте зор жауапкершілік, - деді ол.
Оның айтуынша, федерация 2024 жылдан бастап халықаралық деңгейдегі ауқымды жұмыстарды қолға алды. Алдымен Қазақстан бокс федерациясы әлемдік World Boxing ұйымының құрамына мүшелікке өтті. Еліміздің білікті мамандары осы ұйым комиссиясына мүшелікке қабылданды.
- Спортшылардың дайындық деңгейі, тәжірибе алмасуы бойынша бірқатар жұмыс істелді. Шетелдік мамандар тартылды. Атап айтқанда, физикалық дайындық бойынша аңыз боксшымыз Геннадий Головкиннің жаттықтырушылары ағайынды Камочолар, диетолог-формаколог маман Александр Фока, Катмен Денис, тактикалық дайындықты жақсарту мақсатында Кубодан екі бапкер шақырылды. Сол жұмыстардың нәтижесі ретінде Ливерпульдегі әлем чемпионатын айтсақ болады. Тарихи жетістік болды. 7 алтын, 1 күміс, 2 қоламен әлемде көш бастадық. Әрине, бұл нәтижемен тоқмейілсуге болмайды. Басты мақсатымыз – Олимпиада. Бірақ, сол жұмыстың бастамасы деп білемін. Сонымен қатар жаттықтырушылар, ұлттық құрамаға резерв дайындау бағытында бірқатар жұмыс істеп жатырмыз. Медицина жағынан дәрігерлер тартылды. Жүйелі жұмыс басталып, бүгінде кішігірім нәтижесін көрудеміз, - деді Шахмұрат Мүтәліп.

Айта кетейік, Англиядағы дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болған еді.
Президент бокстан Әлем чемпионатында топ жарған боксшыларды құттықтады.