Лондонда 35 ел Ормуз бұғазындағы кемелерді қорғау мәселесін талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Ормуз бұғазында кеме қатынасын қайта жандандыру бойынша халықаралық кездесуге дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sky News.
Британ премьер-министрі Кир Стармер бастамаға қазірдің өзінде 35 ел қосылғанын хабарлады. Оның айтуынша, алғашқы келіссөздер жақын арада Лондонда өтеді.
Негізгі мақсат — аймақта навигация еркіндігін қалпына келтіруге көмектесетін дипломатиялық және саяси қадамдарды әзірлеу.
Талқылауға Германия, Франция, Италия, Жапония, Нидерланды, сондай-ақ Парсы шығанағы елдері, оның ішінде БАӘ мен Бахрейн қатысады. Бұған дейін бұл мемлекеттер қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ету үшін бірлескен шаралар қабылдаған.
— Осы аптада Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Иветт Купер кездесу өткізеді, онда мемлекет өкілдері алғаш рет бірге жиналады, — деп атап өтті Стармер.
Еске салайық, әлемдік мұнай тұтыну көлемінің 20%-ы (күніне шамамен 20 миллион баррель) өтетін Ормуз бұғазы мұнай жеткізу тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Бірақ бұл бұғаздағы қозғалыс іс жүзінде тоқтап қалған болатын.
21 наурыз күні АҚШ бір күн бұрын танкерлерге тиелген Иран мұнайын сату және тасымалдау операцияларын жүргізуге рұқсат берді. Тиісті шешім Шетелдік активтерді бақылау басқармасы жариялаған жалпы лицензияда бекітілген.
Ормуз бұғазы Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан жабылған болатын. Иран бұғазды бұғаттау арқылы АҚШ-тың меселін қайтарғысы келгенімен, әлем елдеріне шикізат тасымалының тежелгені оңайға соқпады. Теңіздегі тартыстың ақыры қандай болмақ, мұнай бағасының өсуі Қазақстанға пайда әкеле ме? Бұған дейін Kazinform тілшісі бүкіл әлем неліктен Ормуз бұғазына көз тігіп отырғанын саралаған еді.