Лос-Анджелес Олимпиадасында бокстан алтын алу үшін бәрін жасаймыз - Шахмұрат Мүтәліп

АСТАНА. KAZINFORM – Лос-Анджелес Олимпиадасында боксшыларымыз алтын алатын деңгейге жетуі үшін барлық жағдай жасалады. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Қазақстан Бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп айтты.

Лос-Анджелес Олимпиадасында бокстан алтын алу үшін бәрін жасаймыз - Шахмұрат Мүтәліп
Фото: Дияр Бексұлтанов

- Бізде талантты жастар өте көп, бокстың әлеуеті зор. Өз тарапымнан алтын болады деп уәде бермей-ақ қояйын. Бірақ, алтын алатын деңгейге жетуі үшін барлық жағдай жасап, боксшыларымызды дайындап апарамыз деп уәде беремін. Ол жерде «бақ шаба ма, бап шаба ма», енді ол тек дайындыққа байланысты емес. Түрлі себебі болады, - деді ҚБФ президенті сұхбат барысында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарында боксшыларымыздың алтын алу мүмкіндігіне қатысты сауалға орай.

Сонымен қатар ол бұған дейінгі Олимпиада ойындары аясында өткен бокс кездесулерде Қазақстан төрешілері төрелік етіп келе жатқанын айтты.

- Соңғы Олимпиаданы алатын болсақ, Қазақстаннан 3 төрешіден барды. Бұл Қазақстанға деген халықаралық ұйымдардың жоғары сенімін көрсетеді. Бүгінде Олимпиадада төрелік ете алатын қателеспесем, 3 жұлдызды 55 төреші бар. Париж Олимпиадасының алдында 38 төреші болған. Бүгінде бұл бағытта да жұмыс істеп, төрешілердің біліктілігін арттырдық. Семинарларға қатыстырдық. Сондықтан олардың да саны артып келеді, - деді Шахмұрат Мүтәліп.

Айта кетейік, Англиядағы дүбірлі додада Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болған еді. 

Президент бокстан Әлем чемпионатында топ жарған боксшыларды құттықтады

Соңғы жаңалықтар