LRT вагондарында Wi-Fi бола ма
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісіне алғашқы екі құрам орнатылды. Kazinform агенттігінің тілшісі вагондар қаншалықты ыңғайлы және қыс мезгілінде қалай жұмыс істейтінін анықтаған еді.

Жолаушыларға арналған жайлылық
City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, бір құрамның жалпы сыйымдылығы — 600-ден астам адам (1 шаршы метрге 6 адам есебімен).
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бірінші және төртінші вагонда арнайы 2 орын қарастырылған және ыңғайлы арнайы тақтайша қойылған.

Wi-Fi бола ма?
LRT пойыздарында Wi-Fi желісіне қосылу қарастырылмаған, себебі бүкіл желі эстакада бойымен өтеді. Сондай-ақ вагондарда USB-қуаттағыштар да орнатылмаған.
Неліктен жүргізушісіз пойызға қар тазалаушы керек?
LRT пойыздары автоматты түрде басқарылатын болса да, алдыңғы терезелердің қарын тазалайтын жұмысшы болады. CTS компаниясының ақпаратына сүйенсек, алдыңғы терезе астында пойыздарды автоматты басқаруға арналған камералар мен датчиктер бар. Аталған құрылғылардың дұрыс жұмыс істеуі үшін, көру аймағы таза болуы қажет.

Қыста LRT құрамы қалай қызмет көрсетеді
Қыстың күндері бұрмалар мен рельс жолдарын мұз бен қар басып қалмауы үшін электрлі үрлеу жүйесі қолданылады. Мамандардың айтуынша, аталған жүйе заманауи метрополитен желілерінде және басқа елдердің LRT желілерінде тиімділігін дәлелдеген.
Бір апта бұрын Астанада LRT-ның екінші құрамы қойылды.
Маусымда № 101 станциясына алғашқы LRT құрамы көтерілді.
Айта кетейік, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек 2026 жылдың 1-тоқсанында LRT ресми іске қосылатынын мәлімдеді.