LRT желісі 2027 жылдың соңында іске қосылады - Алматы әкімдігі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда LRT бірінші желісінің құрылысына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезеңде негізгі жұмыстар Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелерін қамтыған. Мұнда рельстер салынатын аумақты дайындау және құрылыс аймағына кіретін инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру жұмыстары қолға алынған.
- Жоба аясында барлығы 375 инженерлік желіні, оның ішінде: жылу, байланыс, сумен жабдықтау және кәріз, нөсер кәрізі, газбен және электрмен жабдықтау желілерін қайта орналастыру көзделген, - деп хабарлады әкімдіктен.
Болашақ депо орналасатын аумақты қоса алғанда Бауыржан Момышұлы көшесінде 39 инженерлік коммуникация қайта орналастырылады. Қазір оның төртеуі бойынша жұмыс аяқталған. Төле би көшесінде 269 желіні қайта орналастыру қажет болса, оның 34-і бойынша жұмыстар аяқталды. Абылай хан даңғылында тағы 67 инженерлік желіні қайта орналастыру көзделген.
- Инженерлік желілерді қайта орналастыру – LRT желісі өтетін аумақты дайындаудың қажетті кезеңі. Кейбір учаскелер босатылған сайын желі құрылымдарын орнату, шпал мен рельс төсеу және басқа да жұмыстар басталады, - деп түсіндірдік әкімдіктен.
Сондай-ақ қала басшылығы құрылыс-монтаж жұмыстары қыс мезгілінде де жалғасатынын атап өтті. Ресми мәліметке сәйкес, температура төмендеген кезде топырақты қорғау, қысқы жағдайда бетон құю, құрылымдарды жылылау және бетонның қажетті беріктікке жетуін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы технологиялық шаралар қолданылады.
LRT желісінің бірінші кезеңі толығымен жерүсті бағытта болады. Жоба аясында эстакада салу жоспарланбаған. LRT іске қосылғаннан кейін Момышұлы және Төле би көшелеріндегі жолдың ортаңғы екі жолағы тек жеңіл рельсті пойыздардың қозғалысына беріледі. Олар жиектастар арқылы оқшауланбақ. Ал LRT пойыздарының ең жоғары техникалық жылдамдығы 65-70 км/сағ болса да, аялдамалар арасындағы орташа қашықтық шамамен 700 метр болғандықтан, пойыздардың орташа қозғалыс жылдамдығы 30-35 км/сағ деңгейінде болады.
- LRT бірінші желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл мерзім қажетті көлемдегі жылжымалы құрамды дайындау және жеткізу кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін, - деп хабарлады әкімдіктен.
Жобалық шешімге сәйкес, LRT бірінші желісінің бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би және Момышұлы көшелерінің маңында орналасатын деподан басталады. Желі Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне, одан әрі шығыс бағытта Абылай хан даңғылына жалғасады. «Алматы-2» теміржол вокзалы жанында соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-ауысу торабы қарастырылған.
Еске салайық, 2026 жылдың басында Алматыдағы LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.
Биыл сәуір айында Алматыда бұрынғы трамвай рельстері алынып, LRT құрылысына дайындық басталды.
Шілде айында Алматыда LRT құрылысына дайындықтың жаңа кезеңі басталғаны хабарланды.
Бұған дейін Алматыда LRT желісін кім салатынын және қанша қаражат бөлінгенін жазғанбыз.